Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысы барысында төтенше жағдай мен карантин кезінде ауыл шаруашылығы техникасы, отырғызу материалдары мен тыңайтқыштар нақты және уақытылы дайындалғанын тілге тиек етіп, ауыл шаруашылығы жұмыскерлеріне алғыс айтты.
Төтенше жағдай мен карантин кезінде ауыл шаруашылығы техникасы, отырғызу материалдары мен тыңайтқыштар нақты және уақытылы дайындалды. Бұл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын сапалы жүргізуге, ал мамандардың үйлесімді жұмысы сапалы астық жинауға мүмкіндік берді. Астық көлемі өткен жылдан жоғары. Осы ретте барлық ауыл шаруашылығы жұмыскерлеріне осы жасалған жұмыстары үшін, ерен еңбектеріүшін алғыс білдіремін, - деді ол.
Үкімет басшысы ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру Үкіметтің стратегиялық міндеті екенін айтты.
БҰҰ-ның жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының болжамы бойынша Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенде әлеуеті жоғары мемлекет ретінде есептеледі. Еліміздің әлемдік азық-түлік хабтарының бірі болуға шынайы мүмкіндігі бар. Сондықтан Үкімет осы маңызды міндетті шешу үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытуға әлі де баса назар аударатын болады. Бүгінде көп жұмыс атқарылды. Мемлекет қабылдаған шаралардың арқасында қазіргі таңда тұтынатын азық-түлік тауарларының 23 негізгі түрі бойынша біз өзімізді ішкі өндіріс есебінен қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл, ең алдымен, жеміс, көкөніс, жарма ұн, ет өнімдері және басқалар. Өнімдердің қалған 6 түрі (алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүт, қант пен құс еті) бойынша өндірісті ұлғайту үшін келесі үш жыл ішінде жаңа құс фабрикаларын, ет комбинаттарын, сүт, қант зауыттарын іске қосу жөнінде бірқатар нақты шаралар қабылдап, алма бақтарының ауданын ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ретте ішкі нарықты осы азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ету мәселелері шешілетін болады, - деді Мамин.
Асқар Мамин тиісті сақтау инфрақұрылымы мен дистрибуция бар Ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылып жатқанын жеткізді.
Бұл өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау шарттарын жақсартуға, ауыл шаруашылығы тауарлар өндірісін және маусымаралық кезеңде нарықта оның санын арттыруға мүмкіндік береді және экспортты біршама ұлғайтады. Сауда министрлігі осы жұмыстарды жалғастыруы керек, ал, әкімдер ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен сауда орындарын тауар өткізуші жүйесінің инфрақұрылым объектілерімен байланысын қамтамасыз етуі қажет, - деді ол.