Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2019 жылғы 27 желтоқсанда мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Ұлттық экономика министрлігінде бұл заң ҚР президентінің жекелеген жарлықтарын, жолдауларын іске асыру үшін әзірленіп, мына мәселелерді шешеді:
— фискалдық орталықсыздандыру шеңберінде шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығының түсімдерін жергілікті бюджеттерге беру;
— Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі мен Қазақстан Республикасы "Сырбар" Сыртқы барлау қызметіндегі қайта ұйымдастыру;
— екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдарға мерзімі 90 күннен асып кеткен кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша қызмет көрсетуде тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімақы), комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге және талап етуді белгілеу;
— республикалық маңызы бар қалалар мен астананың құзыретін кеңейту;
— білім беру мекемелерін басқару және бюджеттік әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беруді шешу.
Авторлар хабарлағандай, заң арқылы 5 кодекс пен 25 заңға түзетулер енгізіледі. Заң астананың атының өзгеруіне, бюджетаралық қатынастарды жетілдіруге, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың құзыретін кеңейтуге, сондай-ақ білім бөлімдерін басқару функциясын қайта бөлуге байланысты кейбір заңнамалық актілердің жекелеген нормаларын сәйкестендіруге мүмкіндік береді.