Атырау облысы прокуратурасының шараларымен ірі мұнай компаниясына 13 млрд теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ Бас Прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облысының прокуратурасы табиғатты қорғау саласының басым бағыты болып табылатын қауіпті қалдықтар айналымына тұрақты қадағалауды жүзеге асырады.
«Каспий нефть» АҚ-ның 2021-2022 жылдары бұрғылау және кен орнын пайдалану қызметінде құралған 4500 тоннадан астам қауіпті қалдықтарға жинақталу лимитін алмағаны анықталды. Прокурордың ұсынысын қарау нәтижесі бойынша Атырау облыстық сот алқасының 2024 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен «Каспий нефть» АҚ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13 684 868 730 теңге айыппұл салынды. Прокуратураның принципті ұстанымы нәтижесінде әкімшілік айыппұл бюджетке өндіріліп, мемлекетіміздің Ұлттық қоры 13 684 868 730 теңгеге толықтырылды, - делінген Атырау облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.