Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейнеконференция форматында Түркі мемлекеттері ұйымының іс басындағы төрағасы – Түркияның бастамасымен ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше отырысы өтті.
Күн тәртібінде Қазақстандағы соңғы ахуал талқыланып, бірлескен мәлімдеме жасалды.
Мәлімдемеде министрлер қажет болған жағдайда қазіргі дағдарысты еңсеру үшін Қазақстан халқы мен үкіметін қолдауға дайын екендіктерін растады.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқының әл-ауқаты мен өркендеуін одан әрі арттыруға бағытталған реформалар бағдарламасын және конституциялық тәртіпті бұзуға ұмтылған террористерге, радикалдарға, экстремистер мен қылмыскерлерге қарсы Қазақстан Үкіметінің терроризмге қарсы операцияларын қолдайтындарын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымы Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы 3 қазанда құрылды, Халықаралық ұйымның штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан. Ұйымға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан мүше, ал Мажарстан мен Түрікменстан бақылаушы мәртебесіне ие.