Еліміздегі адам құқықтарының ахуалы Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары бағасын алды

Бөлісу:
Еліміздегі адам құқықтарының ахуалы Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары бағасын алды
Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Әмбебап кезеңдік шолу Жұмыс тобының 48-сессиясы барысында Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы міндеттемелері мен алдыңғы шолу бойынша ұсынымдардың орындалуы туралы төртінші ұлттық баяндамасы қаралды. BAQ.KZ бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жоғары деңгейдегі Қазақстан делегациясының құрамына адам құқықтары саласындағы міндеттемелердің орындалуына мемлекеттік саясат пен мониторингті тікелей жүргізетін еліміздің тоғыз мемлекеттік органының өкілдері мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары кірді.

Шолуға 100-ден астам мемлекеттің делегациялары қатысып, елімізбен ашық және сындарлы диалог құруға жоғары қызығушылық танытты. Іс-шара интерактивті талқылау форматында өтті, оның барысында БҰҰ-ға мүше мемлекеттер еліміздің құқық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша өз сұрақтарын, пікірлері мен ұсынымдарын берді.

ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бастаған қазақстандық делегация БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы ауқымды реформаларына, азаптаулар мен қатыгездікті жою, бейбіт жиналыстар мен қауымдастықтар еркіндігі, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін қамтамасыз ету және журналистердің құқықтарын кеңейту, адам саудасына қарсы іс-қимыл және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелерін реттейтін қазақстандық заңнаманың негізгі новеллаларына назар аудара отырып, кең ауқымды ақпарат ұсынды. ҚР делегациясының мүшелері БҰҰ-ға мүше елдердің сұрақтарына толық жауаптар бере отырып, адам құқықтары мәселелері бойынша диалогты нығайтуға және тәжірибе алмасуға ықпал етті.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко өз сөзінде еліміздің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасымен, Адам құқықтары жөніндегі кеңестің Арнайы рәсімдерімен және БҰҰ шарттық органдарымен ынтымақтастық бойынша тәжірибесімен бөлісті. Атап айтқанда, ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген адам құқықтары бойынша Арнайы баяндамашылармен өзара іс-қимыл қағидалары және жеке шағымдар бойынша шарттық органдардың хабарламаларын қарау бойынша ведомствоаралық тетігі туралы, сондай-ақ БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен техникалық ынтымақтастық туралы хабарлады. Құқық қорғау сарапшыларының пікірінше, БҰҰ-ның құқық қорғау тетіктерімен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі Қазақстанның адам құқықтары мен демократиялық процестерді қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтудағы басымдықтарын көрсетеді.

Үкіметтің азаматтық қоғаммен диалогын нығайту туралы сұрақтарға жауап ретінде Р.Василенко ҚР СІМ алаңында тұрақты өтетін «Адами өлшем бойынша диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының рөлін атап өтті. Ол осы алаңның сындарлы сипатына тоқталып, бұл жұмыстың көрнекі нәтижесі адам құқықтары мен заң үстемдігі бойынша үш жоспарды қабылдау, сондай-ақ елдің саяси және әлеуметтік өмірінің кең ауқымды мәселелері бойынша құқықтық актілерге бастамашылық жасау болғанын айтты.

Қазақстандық делегациямен диалог барысында БҰҰ-ға мүше мемлекеттер өршіл реформаларды жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан шараларға, сондай-ақ Қазақстанда адамның іргелі құқықтары мен бостандықтарын нығайту жөніндегі нақты қадамдардың қабылдануына қолдау білдірді. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Ұлттық алдын алу тетігінің мандатын күшейту, халықты, әсіресе неғұрлым осал топтарды әлеуметтік қорғау саласында қабылданған заңдар халықаралық қоғамдастықтың жоғары бағасына ие болды.

Сонымен қатар, мемлекеттер өлім жазасының күшін жоюды, 2023 жылғы 8 желтоқсанда қабылданған Адам құқықтары мен заң үстемдігі жөніндегі іс-қимыл жоспарын, сондай-ақ Қазақстанның 2022-2024 жылдардағы мүшелігі шеңберінде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жұмысына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Әмбебап кезеңдік шолу БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің бірегей тетігі бола отырып, Ұйымға мүше барлық мемлекеттерге адам құқықтары саласындағы жағдайға тұрақты сараптамалық бағалаудан өтуге мүмкіндік береді.

Жұмыс тобының БҰҰ-ға мүше елдердің ұсынымдарын қамтитын Қазақстан бойынша баяндамасы Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 2025 жылғы маусымдағы 59-шы сессиясында бекітілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы