Техникалық реттеу және метрология Комитеті мен экономикалық тергеу департаменті сертификаттау саласындағы бұзушылықтарға қарсы күрес жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінде қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша экономикалық тергеу Департаменті өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кеңесте сертификаттау, аккредиттеу және өнімдерді заңсыз әкелуді анықтау саласындағы бақылауды күшейту мәселесі қаралды.
Комитет төрағасы Жанна Есенбекова құжаттардың қолдан жасалуын болдырмау, дәйексіз деректер енгізу және сертификаттарды бұрмалау үшін сертификаттау органдары мен сынақ зертханаларының қызметіне бақылауды күшейтуді қажеттігін айтты. Оның ішінде көлік құралдары конструкциясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тауарлардың шығу тегі сертификаттарының дұрыстығы мәселелері қозғалды.
Сондай-ақ, кеңесте аккредиттелген зертханалар тарапынан заңсыз әрекеттерді анықтау және жолын кесу, соның ішінде сәйкестікті бағалау құжаттарын қолдан жасау және тауарлардың шығу тегі сертификаттарын ресімдеу кезінде бұзушылықтар қаралды.
Кездесу нәтижесінде техникалық реттеу және метрология Комитеті мен экономикалық тергеу Департаменті арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат техникалық реттеу, стандарттау және аккредиттеу саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және оның жолын кесу жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге, сондай-ақ мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Әкелінетін көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Техникалық реттеу және метрология комитеті көлік құралдары конструкциясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету сертификаттарын (КҚКҚС) берумен айналысатын 24 аккредиттелген сынақ зертханасына (СЗ) жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Тексеру нәтижесінде көптеген бұзушылықтар анықталып, 21 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. 18 зертхана алты айға дейінгі мерзімге аккредиттеу аттестаттарынан уақытша айрылды. Оның ішінде "ҰСжСО" АҚ Талдықорған филиалы елеулі бұзушылықтарға байланысты аккредиттеу аттестатынан толық айырылды.