Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгін өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, қатерлі ісік ауруларының көшін сүт безі обыры бастап тұр.
Аурушаңдықтың құрылымын қарасақ: бірінші орында – сүт безі обыры (13,2%), екінші орында – өкпе обыры (10%), үшінші орында – колоректалдық обыр (9,3%) тұр. Жыл сайын елде обырдан 13 мыңнан астам адам қайтыс болады. Өлім құрылымында бірінші орында өкпе обыры (16,3%), екінші орында – асқазан обыры (12%), үшінші орында – тоқ ішек обыры (10,6%), - деп атап өтті ведомство басшысы.
Министр сонымен қатар былтыр елдің бірқатар өңірі республикалық көрсеткіштерге қол жеткізе алмағанына тоқтады.
2022 жылдың қорытындысына сәйкес Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары 5 көрсеткіштің үшеуі бойынша республикалық көрсеткіштерге қол жеткізе алмады. Мәселен, Қостанай облысы – өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,2 есе жоғары, ерте диагностикалау 5 пайызға төмен, көзге көрінетін обыр 4 пайызға жоғары. Ақмола облысында өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,5 есе жоғары. Ал ерте диагностикалау 6 пайызға төмен, елдегі көзге көрінетін обырдың ең жоғары көрсеткіші 27 пайызды құрады, - деді Ажар Ғиният.