Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жыл басынан бері тәртіп сақшылары экологиялық заңнаманы бұзудың 7 мыңнан астам фактісін анықтады. 200-ге жуық қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз айналымнан тыйым салынған 15 мыңнан астам метр балық аулау торлары, 9 тонна балық және балық өнімдері (оның ішінде 1,2 тонна бекіре), шамамен 3,5 мың ақбөкен мүйізі, 135 аңшы мылтығы, 81 текше метр заңсыз кесілген ағаштар тәркіленді, – дейді Шыңғыс Алекешев.
Оның айтуынша, 1 сәуірден бастап Жайық-Каспий бассейні аумағында «Бекіре» деген жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Маңғыстау облысында Түпқараған ауданында бір үйде тінту жүргізу барысында жалпы салмағы 72 кг құрайтын 13 дана бекіре балығы тәркіленді. Атырау облысында Жайық жағалауын патрульдеу кезінде күдіктілерден 6 қапшыққа салынған 30 дана бекіре және сазан балықтары табылып, «Бекіре тұқымдас балықты өсіру зауытына» тапсырылды, – дейді ІІМ ресми өкілі.