ҚР МСМ Туризм индустриясы комитеті онлайн казиноларды анықтау және бұғаттау бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Осы жылдың басынан бастап 3670 интернет-казино бұғатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сондай-ақ сот шешімінің негізінде 5 букмекерлік кеңсе мен 2 тотализатордың лицензиясы тоқтатылды. Бұған лицензиялық алымды төлеу бойынша қарыздар, ойын аймақтарынан тыс тіркеу, міндетті резервтің болуы бойынша талаптарды орындамау және басқа да бұзушылықтар негіз болды.
2022 жылы Комитет 4 ойын автоматтары залына қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізген болатын. Тексеру нәтижелері бойынша 1 зал жабылып— лицензиядан айырылды, 3 залдың қызметі тоқтатылды және 6 әкімшілік айыппұл салынды.
Жасыратыны жоқ, онлайн-казинолар және, атап айтқанда, олардың жарнамалары оңай жеңіске жетуге уәде береді - құмар ойыншылардан ақша табуға тырысады. Бұған қарсы тұру үшін біз интернетте мониторинг жүргіземіз және қолданыстағы лицензияларды тексереміз. Мысалы, 4 букмекерлік кеңсенің, 3 тотализатордың және 1 ойын автоматтары залының лицензияларын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр,-деп атап өтті Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
2019 жылы елде интернет-ресурстарды мониторингілеу үшін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл бірден бірнеше мемлекеттік органдарға, соның ішінде Мәдениет және спорт министрлігіне интернет-казиноларды жедел анықтауға және оларға кіруге тыйым салуға мүмкіндік береді. Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп анықталған интернет-казиноларды бұғаттау туралы ақпаратты қарау мерзімін қысқарту жөнінде шаралар қабылданды.