Нұр-Сұлтан, BAQ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасарының қомақты парамен ұсталғанын растады, деп хабарлайды 24.kz.
Аягөз қаласының әкімі де бір миллион теңгеден астам пара алғаны үшін қамауға алынды. Cудьялар да күдікке ілінді.Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз қаласының әкімі 1 миллион 200 мың теңге пара алып жатқан кезде ұсталды. Қала әкімін Шығыс Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері қолға түсірді. Ол кәсіпкерлердің бірінен мемлекеттік сатып алу бойынша көрсеткен қызметін оң бағалау үшін пара дәметкен. Қазір парақор әкімге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осы іске қатысты барлық тараптан жауап алынатын болады. Ал күдікті уақытша тергеу абақтысына қамалды.
Жемқорлық фактілері бірнеше облыстан анықталды. Сот ақша бергендердің пайдасына қарай үкім шығарған деген айып тағылды. Күдікке Алматы облысындағы Ұйғыр аудандық соты және Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі ілінді.
Күдікті ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі таңда тергеу жүргізілуде. Нақты шешім сотпен қабылданатын болады, - деп мәлімдеді облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті бастығының бірінші орынбасары Жігер Байділдин.
Ол ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізу арқылы бірнеше азаматтық істер бойынша көрінеу әділетсіз шешімдер шығарды деп күдіктенеді. Аталған факті бойынша тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды, - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.Бір жарым миллион теңге көлемінде пара алған депутат ұсталды. Тараз мәслихат депутаты құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізгені үшін кәсіпкерден сыйақы ретінде ақша алған. Сыбайлас жемқорлықпен күресушілер екі жүзден астам сотқа дейінгі тергеуді бастады. Жыл басынан бері 160 парақор ұсталды. Қазірдің өзінде 73 миллионнан астам теңге өтелді.