Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Елімізде жоғары лауазымдарға тағайындау тәртібі өзгереді

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 10:48
152
Бөлісу:
 Конституциялық сот
Фото: Конституциялық сот

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Президенттің бірқатар жоғары лауазым иелерін тағайындау тәртібіне қатысты ұсыныстарды таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Президент ең жоғарғы лауазымды тұлға ретінде мемлекеттің жұмыс істеуі үшін негізгі жауапкершілікті арқалайды. Осыған орай, Конституцияда Президенттің Құрылтайдың келісімімен, оның депутаттарының жалпы санынан көпшіліктің дауысымен Қазақстан Республикасының вице-президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-министрін, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін тағайындау құқығын бекіту ұсынылады, - деді министр.

Президентке аталған лауазымдарды тағайындауға бір немесе бірнеше рет келісім беруден бас тартқан жағдайда Құрылтайды тарату құқығы беріледі. Бұл құрылым алдын алу функциясын атқарып, саяси күштерді ымыра іздеуге және жауапкершілікпен әрекет етуге ынталандырады.

Жалпы ұсынылған модель Президент пен Құрылтай арасында тепе-теңдік қалыптастырып, Мемлекет басшысының бастамашыл рөлін депутаттар корпусымен шешуші дауыс алу арқылы үйлестіреді. Ұсынылған тәсіл Мемлекет басшысының тағайындауларын тек Құрылтайдың келісімімен жүзеге асыруды қарастыратыны түбегейлі маңызды екенін атап өткен жөн. Бұл ережелер мемлекеттік жүйенің тиімділігін күшейтетіні сөзсіз. Себебі жүйе тұлғаларға емес, мемлекеттік басқару институттарының сапасына тәуелді, - дейді Ерлан Сәрсембаев.

Сондай-ақ конституциялық өзгерістер жобасында Қазақстан Республикасының вице-президенті лауазымына қатысты қызметті қоса атқаруға қатаң шектеулер қарастырылған. 

Ұсынылып отырған нормаларға сәйкес, вице-президент өкілді органның депутаты болуға, саяси партияларға мүше болуға, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға немесе өзге де ақылы қызмет атқаруға құқылы емес.

Министрдің айтуынша, мұндай шектеулер аталған лауазымның саяси ықпалдан ада, кәсіби мәртебесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл талаптар Конституцияда бірқатар жоғары мемлекеттік лауазымдарға бұрыннан белгіленген нормаларға ұқсас.

Вице-президентке қойылатын шектеулер өзге де жоғары лауазымды тұлғаларға арналған конституциялық талаптармен ұқсас және бұл қызметтің кәсіби сипатын айқындайды, – дейді Ерлан Сәрсембаев.

Өзгелердің жаңалығы