Елімізде жасөспірім қыздардың жүктілігі 1,5 есеге артқан – сенатор

Кеше, 12:28
596
Бөлісу:
Елімізде жасөспірім қыздардың жүктілігі 1,5 есеге артқан – сенатор
Фото: pixabay.com

Сенатор Нұртөре Жүсіп жасөспірім қыздар арасындағы жүктіліктің көбеюіне қатысты Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенатордың айтуынша, жасөспірім қыздар арасындағы жүктілік саны артқан.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне назар аударсақ, соңғы 5 жылда 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан. Бұл енді пандемия кезінде басталған екен. Соңғы 4 жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келе жатыр. 2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5094 босану фактісі тіркеліп отыр. Бұл енді сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызын құрайды. Мына ауылдық жер, имандылықтың ұясы деп есептелетін жерде 2 есе артып отыр. Жалпы біз осы қайда бара жатырмыз. Ұят деген ұғымның өлгені ме? Адамдықты надандықтың жеңгені ме? - деді сенатор.

Нұртөре Жүсіп жасөспірім қыздар арасында туу көрсеткіші жоғары аймақтарды атады.

7 бірдей өңірде, әсіресе, оңтүстік-батыс аймақтарында жасөспірімдердің туу көрсеткіші өте жоғары. Оның ішінде Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарындағы деректер жағаны ұстатады, ерекше алаңдатады. Бұл өңірлердегі жасөспірімдердің туу көрсеткіші ауылдық және қалалық жерлерде де өте жоғары. Бұның барлығы медицианалық мекемелерде тіркелген фактілер бойынша анықталған. ДСМ мәліметіне сүйенсек, былтыр жасөспірімдер арасында жүктілік жағдайлары 10,2 пайызға төмендеген деген дерек бар. Ал бірақ уәкілетті орган жүктіліктің әрбір жағдайын тіркемейтінін есте ұстауымыз керек. Сонда деректердің дұрыс есептелмеуіне осындай динамика қалыптасып отыруы мүмкін, - деді ол.

Депутат бұл проблемаға айрықша назар аудару керегін айтады. Сондай-ақ ол бала көтеретін жасқа келген қазіргі жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық жағдайы алдағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететінін жеткізді.

Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ, осы салада жұмыс істейтін халықаралық ұйымдардың қатысуымен жасөспірімдер арасында жүктілік пен туу санының өсу себептеріне ведомствоаралық талдау жүргізу қажет. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты заңнаманың орындалуына мониторинг пен бақылауды күшейту аса маңызды. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының ерте жүктілік қаупі, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мен құқықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жедел қолға алу керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы