Экология және табиғи ресурстар министрлігі биылғы 5 сәуір мен 5 маусым аралығында «Уылдырық» балық қорғау науқанын өткізеді, деп хабарлайды BQ.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл іс-шара уылдырық шашу кезеңінде балық қорының түрлерін сақтауға бағытталған.
Республиканың әр облысында өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып тыйымның мерзімдері белгіленген. Құзырлы мемлекеттік органдардың қызметкерлері тыйым салынған кезде балық аулау, балық өнімдерін заңсыз сатып алу және сату, алып жүру фактілерін анықтауға назар аударады.
Аталмыш тыйымды бұзғаны үшін заңмен 10 нан 40 АЕК көлемінде айыппұл ретінде әкімшілік (ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы) және 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру ретінде қылмыстық (ҚР ҚК-нің 335-бабы) жауапкершілік қарастырылған.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды табиғатқа қамқор болып, бекітілген балық аулау қағидаларын сақтап заңды бұзбауға шақырады. Әр өңірдегі тыйым салу мерзімдері туралы ақпаратпен құзыретті органның сайтынан білуге болады, – делінген хабарламада.