Бұл туралы Бірінші кредиттық бюро мәлім етті, деп хабарлады BAQ.KZ.
Бюроның мәліметінше, жеке тұлғалар портфелінің өсуі толығымен дерлік кепілсіз тұтынушылық қарыздармен қамтамасыз етілген. 1 сәуірдегі жағдай бойынша баланс үшін есептен шығарылған келісімшарттарды ескере отырып, биылғы портфель 16,1 трлн теңгені құрады. Бір айда ол 1,1%-ға өсті, алайда бұл өсімнің 90%-ға жуығы кепілсіз шығындарға тиесілі болды.
Ресурстың жазуынша, оған мұндай қарыздарды берудің өсуі себеп. Наурыз айында берілген қарыз 666 млрд теңгені құрады. Кепілсіз тұтынушылық қарызды 1,9 млн адам ресімдеген. Осы тұста әр адамның қарыз сомасы әр түрлі екенін ескеру керек. Кейбіреулер ондаған мың теңге, басқалары миллион теңге қарыз алады. Олардың ішінде біріншілерінің саны көп болса, екіншілері несиелеудің өсімін қамтамасыз етеді.
Кепілсіз берілген барлық соманың жартысынан астамы қарыз алушылардың тек 10%-на тиесілі: 190 мың адам 357,6 млрд теңгеге қарыз алған. Қалған 1,7 млн адам 308 млрд теңгеден астам сомаға несие алды. Наурызда осындай несие алғандардың жартысы 133 мың теңгеден аспайтын сомамен шектелген.
Кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша жиынтық берешектің 46%-ы қарыз алушылардың 10%-на тиесілі. Осы тұста олардың орташа берешегі былтыр 300 мың теңгеге өскен. Қарыз алушылардың 90%-ында орташа берешек 625 мың теңгені құрады.
Ипотекаға келер болсақ, берілген несиенің орташа мөлшері наурыз айында 10,8 млн теңгеге дейін түсті, осылайша 5 ай қатарынан төмендеп отыр. Соңғы рет бұл көрсеткіш 2,5 жыл бұрын төмен болды. Ресурстың жазуынша, тұрғын үй несиелеріне сұраныс артып келеді. Наурызда ақпанмен салыстырғанда 74 пайызға артық келісімшарттар жасалды.
2022 жылғы наурызға қарағанда бизнеске берілген несиелер саны 2,1 есеге өскен, бірақ олардың жалпы сомасы 28,4%-ға азайып, 1 трлн теңгені құрады.
Заңды тұлғалардың портфелі 20 трлн теңгеден асты. Десек те, оның көлемінің 20%-ы баланстан шығарылған келісімшарттар болды, ал NPL 90+ үлесі 33%-ды құрады.