Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Баян Тойкебаева зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтілгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Енді полиция қызметкерлері жәбірленушінің өтінішінсіз іс қозғай алады, ал ерлі-зайыптылар татуласу үшін сотқа бір рет қана бара алады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық газетке берген сұхбатында құқық бұзушылар үшін жазаны қатаңдату туралы тағы да айтты. ІІМ-де биыл құқық қорғау органдарының әйел-қызметкерлерін барынша тарта отырып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылады. Дағдарыс орталықтарының саны ұлғаяды, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға әлеуметтік-психологиялық түзету практикасы енгізілетін болады,- дейді Тойкебаева Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың қайталанбауы үшін(Астана қаласы бойынша) 2023 жылы 12 айында сотта 6595 әкімшілік іс қаралған. Отбасылық жанжалқойларға қатысты 9090 қорғау ұйғарымы шығарылып, соттың шешімімен құқық бұзушының мінез-құлқына 582 ерекше талап қойылған.