QazaqGaz ұлттық компаниясының басты міндеті – күзгі-қысқы жылыту кезеңін төтенше жағдайсыз өткізу. Күзгі-қысқы кезеңді алаңсыз өткізу үшін QazaqGaz жыл сайын наурыз айынан бастап жылыту маусымына дайындықты бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ең жоғары жүктеме кезінде – мысалы, қатты аязды күндері тұрғындарға тұрақты газ жеткізуге компания ресурсы жеткілікті. Қажет болған жағдайда, жалпы көлемі шамамен 4 млрд м3 газ болатын жерасты газ қоймаларындағы (ЖГҚ) газ қорының есебінен қосымша газ көлемі қамтамасыз етіледі.
Қыс мезгілінде ірі газ жеткізушілерінің кен орындары немесе газ өңдеу зауыттарында қандай да бір кезектен тыс жөндеу жұмыстары орын ала қалса, қосымша газ көлемін алу үшін «Газпроммен» қосымша газ көлеміне споттық келісімшарт жасалды. Бұған қоса, еліміздің оңтүстік өңірлеріне Өзбекстан арқылы газ транзитінің баламалы бағыттары қарастырылды.
Сондықтан да жылыту маусымының ең қауырт кезеңдерінен абыроймен өтуге QazaqGaz ұлттық компаниясы толық дайын. Бұл QazaqGaz-дың өндіріс мамандарының орасан зор еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр.
Айта кетейік, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында биыл еліміздің 9 өңірінде 107 елді мекен газбен жабдықтау жүйесіне қосылды. Оларда тұрып жатқан 300 мыңға жуық отандасымыз «көгілдір отынды» пайдалануға қол жеткізді.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, Астана қаласын, астаналық агломерацияны, сондай-ақ Ақмола облысының елді мекендерін газдандыру қарқынды жалғасуда. Бүгінде елордада 70 мыңға жуық адам көгілдір отынды пайдаланады. 2024 жылы Жібек жолы ауылын газға қосу арқылы облыстың газдандырылған елді мекендерінің саны 16-ға жетті.
Қазір "Талдықорған-Үшарал" магистральдық газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысанды белгіленген кестеден бұрын аяқтау жоспарланып отыр. Аталған магистралдық газ құбырын іске қосу арқылы, Жетісу облысының тағы 66 елді мекені газбен қамтамасыз етіледі. Тиісінше, тұрғындар мен өнеркәсіп орындарын газбен жабдықтаудың сенімділігі қалыптасады.
Сонымен қатар, QazaqGaz газды үнемді тұтыну қағидатын қалыптастыруға күш салуда. Осыған орай, тиісті заңдар мен тұтыну нормативтеріне түзетулер енгізу қарастырылып жатыр. 8 қазанда Парламент Мәжілісінде тиісті заң жобасының таныстырылымы болды. Құжат 2025 жылдың І тоқсанының соңына дейін түпкілікті бекітілуі тиіс.