Алдағы күндері ауа райы қандай болады? Су тасқыны қаупі қай өңірлерде сақталады? "Қазгидромет" еліміздегі күн райына қатысты болжамын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы айдың 10-20 сәуір аралығындағы ауа райына сүйенсек, алдағы 3-5 күнде Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын жауады. Солтүстік, орталық, шығыс өңірлерде кей күндері қатты жауын шашын жаууы мүмкін, - дейді "Қазгидромет" РМК ұзақмерзімді ауа болжамы басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекова.
Сонымен қатар Исабекованың дерегінше, алдағы 3 күнде батыста, оңтүстік-батыста, оңтүстікте ауа температурасы түнде плюс 5-10 градусқа дейін жоғарыласа, күндіз 15-25 градусқа дейін жоғарылайды.
Солтүстік, орталық, шығыста түнде минус 0-5 аяздан, плюс 3-8 градусқа дейін көтеріледі, күндіз плюс 3-8 градустан плюс 10-15 градусқа дейін көтеріледі.15-20 сәуір аралығында еліміздің ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды: күндіз плюс 20-28 градус жылы болады, - деді Исабекова.
"Қазгидромет" солтүстік және шығыс өңірлерде су тасқыны қаупі сақталатынын мәлімдеді.
Мәселен, Шығыс Қазақстанның солтүстік жартысында, таулы аудандарда және Солтүстік Қазақстан облысында қар жатыр. Жауын-шашын жауғаннан кейін қар ериді. Сондықтан бұл өңірлерде су басу қаупі сақталады, - деді Серік Ибраев ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Ибраев Ресейден келіп жатқан тасқын қаупі әлі сейілген жоғын айтады.
Екінші толқыны енді басталады. Ресейдің "Ириклин" су қоймасынан келетін су көлемі бір апта бұрын бірінші кезеңі жеткен болатын. Екінші толқыны енді бір аптадан соң жетеді деп күтілуде. Өздеріңізге мәлім, ол сулар Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысына өтеді. Мұндай ақпараттар наурыз айынан бастап ескертіліп келе жатыр. Су тасқыны қаупі Жайық өзенінің бойындағы аудан мен ауылдарға әсерін етуі мүмкін. Жауапты министрліктерге осы жайт туралы ескертілді, - деді спикер.