Елімізде скринингтік тексеру қалай жүргізіледі?

3 Қараша 2021, 15:00
6291
Бөлісу:
Елімізде скринингтік тексеру қалай жүргізіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Уақытылы жүргізілген скринингтік тексерулер аса ауыр ауруларды ерте кезеңде анықтап, ем жүргізуді бастауға көмектеседі. Скринигтік тексеруді өткізіп алмау неліктен маңызды және одан қалай өтуге болатыны туралы Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының қызметкерлері айтып берген болатын.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» жыл сайын профилактикалық медициналық тексерулерді қаржыландыруға қаражат бөлетіні белгілі. Қордың елордалық филиалының хабарлауынша, биыл осы мақсатқа 9,6 млрд теңге жоспарланған.

Скрининг деген не және оның маңыздылығы қандай?

Скрининг – бұл денсаулығына шағымдары жоқ, белгілі бір жас аралығында адам бойында болуы мүмкін ауруларды ерте сатысында анықтау. Сонымен қатар олардың алдын алу үшін тұрғындарды профилактикалық медициналық тексеру.

Осылайша, емханаға бір рет бару арқылы арнайы тексеру әдістерін қолдана отырып, қатерлі ісік немесе басқа да аурулардың (скрининг түріне байланысты) алдын алуға немесе олардың пайда болу ықтималдығын уақытында анықтауға мүмкіндік тудырады.

Медициналық сақтандыру қажет пе?

Профилактикалық қарап-тексеру және скрининг бойынша медициналық көмек ТМККК және МӘМС бойынша көрсетіледі. Учаскелік дәрігердің қабылдауы тегін медициналық көмек шеңберінде жүргізіледі. Сондықтан сақтандырылған тұлға мәртебесі қажет емес.

Алайда пациентті консультациялық-диагностикалық қызметтерге (кардиолог, эндокринолог және офтальмологтың консультациясы, талдаулар алу, рентгеннен өту немесе қандай да бір басқа тексерулерден өту) жіберу үшін азаматтың сақтандырылған мәртебесі болуы керек. Өйткені бұл қызметтер МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі.

Биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры скринингтік зерттеулерге бөлген 9,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр бұл мақсатта 4,6 млрд теңге жұмсалыпты.

2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 4,6 млрд теңгеден астам сомаға скрининг қызметі көрсетілді дейді мамандар.

Жас ерекшеліктері бойынша скрининг қалай бөлінеді?

30-39 жас аралығындағы әйелдер мінез-құлық қаупі факторларын ерте анықтау мақсатында скринингтен өтеді. Темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің төмен болуына немесе алкогольді шамадан тыс тұтынуға қатысты пациентке саламатты өмір салты және дұрыс тамақтану жөнінде ұсынымдар беріледі.

40 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтау үшін скринингтен өтеді. Қан қысымының, холестериннің, қан глюкозасының деңгейі мен дене салмағының индексі анықталады.

30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойыны обырын ерте анықтауға тексеруден өтеді. Оның ішінде ПАП-тест және тереңдетілген диагностика - (бейне) кольпоскопия, биопсия және гистологиялық зерттеу бар, бейінді мамандардың консультациясын алады.

40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер сүт безі обырын ерте анықтау үшін екі проекцияда маммографиялық тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – нысаналы маммография, сүт бездерінің УДЗ, трепанобиопсия, пункциялық немесе аспирациялық биопсия, гистология, бейінді мамандардың консультациясы жүргізіледі.

50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер гемокульт-тесттің көмегімен колоректалдық обырды ерте анықтауға тексеруден өтеді. Болмаса, қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – толықтай бейнеколоноскопия, оның ішінде наркоз, эндоскопиялық шертпелі биопсия, гистологиялық зерттеу арқылы мамандардың консультациясын алады.

Скринингтен өткізу «Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы зерттеулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» ҚР ДСМ м.а. № 174 бұйрығымен реттеледі.

Скринингтен қалай өту керек?

Көңіл-күйіңізге, денсаулығыңызға ешқандай шағым болмаса да, скринингтен міндетті түрде өту қажет. Профилактика – сіздің денсаулығыңызды қорғаудың маңызды әдістерінің бірі.

Бүкіл әлемдегі медицина қазір дәрігерлердің, мемлекеттің ғана емес, азаматтардың өздерінің де денсаулығы үшін ортақ жауапкершілікті арттыруға шақырады. Сондықтан жасына қарай жүргізілетін тексерулердеқалмаған абзал. н

Әдетте пациент тіркелген емхананың учаскелік медбикесі оны скринингтен өтуге шақырады. Алайда сіз ол жерге жеке куәлігіңіз қолыңызда болса, өздігіңізден де хабарласа аласыз.

Әрбір емханада скринингтік кабинеттер бар, онда дәрігер өмір салты мен тамақтану рационы, зиянды әдеттердің, тұқым қуалайтын аурулардың болуы туралы сұрап, бойын, салмағын, қан қысымын өлшейді, қандағы қант пен холестерин деңгейін тексереді. Содан кейін қажет болған жағдайда пациент қосымша тексеруге немесе бейінді маманның кеңесіне жіберіледі. Жүргізілетін іс-шаралар тізбесі скринингтік зерттеу түріне байланысты болады.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сүйене отырып, скринингтік зерттеулерден өту үшін жыл ішінде қызметкерлерге 3 жұмыс күніне дейін әлеуметтік демалыс берілетінін біле жүргеніңіз жөн. Яғни жұмыс беруші өз қызметкерін оның лауазымы мен орташа жалақысын сақтай отырып, скринингтен өтуге кедергісіз босатуы керек.

Өзгелердің жаңалығы