Елімізде семіздікке ұшыраған жасөспірімдер саны артқан

27 Ақпан 2023, 15:24
1411
Бөлісу:
Елімізде семіздікке ұшыраған жасөспірімдер саны артқан
Фото: newsroom.kz

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ДДҰ-ның еліміздегі Елдік кеңсесімен бірігіп әзірлеген «Қазақстан оқушыларының өмір салты факторлары, олардың физикалық денсаулығы мен әл-ауқаты» есебінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Республикадағы 11-15 жас аралығындағы балалардың COVID-19 пандемиясы кезінде бастан кешкен тәжірибеге назар аудара отырып, олардың денсаулығына қатысты мінез-құлық факторларын Ұлттық зерттеу қорытындылары шығарылды. 

Онда 11, 13 және 15 жастағы еліміздің 7400-ден астам оқушысының физикалық денсаулығы, әлеуметтік қарым-қатынастары және психикалық әл-ауқаты туралы ауқымды деректер жинақталған.

2022 жылғы зерттеу нәтижелері жасөспірімдердің денсаулығы мен мінез-құлық әдеттерінде төрт жыл ішінде болған өзгерістерді көрсетеді. Сондай-ақ мектеп оқушыларына сауалнама коронавирустық инфекцияның пандемиясы және оның салдары айқын болған кезеңде жүргізілді, бұл жасөспірімдердің денсаулығы мен әл-ауқатының нашарлауына әсер етуі мүмкін. Былтыр елде 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында жүргізілген зерттеу нәтижесіне сәйкес, балалардың көпшілігінің, яғни 83 пайызының психикалық денсаулығы жақсы. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда жақсарды, - делінген есепте. 

Дегенмен әрбір алтыншы жасөспірім одан әрі диагностиканы қажет ететін нашар психикалық әл-ауқат туралы айтқан.  

Жасөспірімдердің тек 27%-ы жемістерді, ал көкөністерді 36%-ы жейді. 

Әрбір жетінші жасөспірім күн сайын қант қосылған сусындарды ішеді. Сонымен қатар апта сайын қантты сусындар ішетін балалардың саны 2018 жылмен салыстырғанда өсті. 2022 жылы 2018 жылмен салыстырғанда қыздар денсаулығына жиі шағымдана бастады, артық салмағы бар жасөспірім саны артқан.

Физикалық белсенділіктің төмендеуі байқалады. 2018 жылмен салыстырғанда күн сайын компьютерлерде, смартфондарда, әлеуметтік желілерде ойын ойнауға көп уақыт жұмсайтын балалардың пайызы айтарлықтай өскен. Дене белсенділігіне қатысудың әсіресе төмен деңгейі ересек жастағы қыздар мен жасөспірімдер арасында кездеседі. 

Көптеген ұл мен қыз темекі шегуге және вейптерді қолдануға қатыса бастады. Электрондық темекіні балалардың 9,8%-ы (ұлдардың 11,3%-ы және қыздардың 8,2%-ы) тұтынған және бұл сан ұлдар мен қыздардың жасына байланысты айтарлықтай артады, 13 жастан 15 жасқа дейін екі есеге жуық.

Өзгелердің жаңалығы