Елімізде республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды

26 Сәуір 2021, 12:30
1731
Бөлісу:
Елімізде республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Олимпиада алғаш рет прокторинг жүйесін қолдана отырып, «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша өтіп жатыр. Академиялық адалдық талаптары күшейтілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан атынан халықаралық олимпиадаларға қатысады.

Ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында республикалық олимпиаданы өткізу тәртібіне өзгерістер енгізілді.

Қатысушылар пәндер мен сыныптары бойынша «аралас» отырғызылды. Олимпиаданы өткізу пунктерінде әрбір қатысушы үшін тең жағдай жасалған. Олар алдын ала берілген жеке кіру коды арқылы тапсырмаларды алады. Олимпиада тапсырмаларын құрастырушылармен құпия ақпаратты жарияламау туралы алдын ала келісім жасалды. Жалпы карантиндік шектеулер жағдайында мұндай формат барынша қолайлы деп санаймын. Барлық санитарлық талап пен норма қатаң сақталады, – деді БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.

Бұдан бөлек, жұмыстарды тексеру қатысушылар бойынша емес, тапсырмалар бойынша жүргізіледі. Бұл қазылар алқасы мүшелерінің қатысушыларға көмек көрсетуіне мүмкіндік бермейді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың IV қорытынды кезеңі 30 сәуірге дейін жалғасады. Олимпиада жалпы білім беретін 16 пән бойынша, оның ішінде жаратылыстану-математика бағытындағы 6 пән және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10 пән бойынша өтеді. Оған 1600-ге жуық жоғары сынып оқушылары қатысады.

Өзгелердің жаңалығы