Бұл туралы ОКҚ алаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов қазір елімізде 298 мыңға жуық Ресей азаматы бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның мәліметінше, ішінара жұмылдыру жарияланғаннан бері Қазақстанға 837 мың адам келіп, 780 мың адам кеткен.
Бүгінгі таңда елімізде түрлі себептермен 298 мыңға жуық ресейлік жүр. Оның ішінде 30 мың адам келісімшартқа сәйкес жұмыс істейді, соның негізінде уақытша тұруға тіркелген. Қазақстанда 20 мыңға жуық студент оқиды, - деп атап өтті Ілияс Испанов брифингте.
Сонымен қатар кейбір Ресей азаматтары Қазақстанды транзиттік ел ретінде пайдаланады. 21 қыркүйектен бері 198 мыңға жуық адам осы жолмен басқа елдерге ұшып кеткен.