Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біріншіден, әр өңірде ірі өрттермен күресу үшін күштер мен құралдар топтамасы дайындалды. Жалпы саны республика бойынша шамамен 50 мың адам және 10 мыңнан астам техника. Қазавиақұтқару авиациясының 19 борты тұрақты дайындық режимінде тұр, оның 9-ы су төгетін құрылғылармен жабдықталған, - деді ол үкімет отырысында.
Сыздықов елімізде аэровизуалды барлау үшін 120 дронд барын айтты.
Министрліктің келісімі бойынша әкімдіктер Табиғи өрттерді болдырмау жөніндегі жоспарларды бекітті. Екіншіден, Табиғи өрттерге ден қою алгоритмін практикалық пысықтау үшін өткен жылдың күзінде "Ормандала-2023" оқу-жаттығуы өткізілді. Ертең "Семей орманы" резерватында Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткіземіз. Сонымен қатар барлық өңірде орман шаруашылығы мекемелерімен 53 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді, - деді ол.
Болжам бойынша, жаз ыстық болады, табиғи өрттердің болу қаупі жоғары.
Қазірдің өзінде, елімізде 27 орман өрті және 122 дала жануы тіркелді. Олардың көпшілігі министрлік күштерінің қатысуымен жойылды, оның ішінде авиация тарту арқылы.Осыған байланысты, барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктер орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық жоспардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету қажет. Өз тарапынан, министрлік еліміздегі өрт қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдайды, - деді Сыздықов.