Елімізде орташа айлық жалақы 203 мың теңге көлемінде

3 Ақпан 2020, 11:10
1601
Бөлісу:
Елімізде орташа айлық жалақы 203 мың теңге көлемінде

Алматы, BAQ.KZ.  2019 жылғы IV тоқсанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 203883 теңгені құрады. Атаулы жалақы индексі 2018 жылғы тиісті тоқсанына 115,8%, ал нақты жалақы индексі 109,9% құрды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті хабарлады.


Статистика комитетінің мәліметінше, салалық құрылымда ең үлкен атаулы жалақы кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда белгіленген. Бұл салада жұмыс істейтіндердің жалақысы – 428,3 мың теңге  (орташа республикалық деңгейден 2,1 есеге асты), қаржы және сақтандыру қызметінде - 402,5 мың теңге (2,0 есеге асты), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 373,4 мың теңге (1,8 есеге асты), ақпарат және байланыс саласында – 278,0 мың теңге (1,4 есеге асты) белгіленген.

Ең төменгі атаулы жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығының қызметкерлерінде белгіленді – 127,3 мың теңге, бұл республика бойынша орта көрсеткіштен 37,6 %-ға төмен.

Өңірлік бөліністе ең жоғарғы жалақы Атырау облысында белгіленген – 345,2 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,7 есеге асады. Түркістан облысында - 138,1 мың теңге, бұл ел бойынша орташа деңгейден 32,3%-ға төмен.

Статистика комитетінің хабарлауынша, бұл мәліметтер халықаралық стандарттарға сәйкес бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы қосымша ақыларды, үстемақыларды, сыйақыларды, сондай-ақ салықтар мен басқа да ұсталымдарды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын) есепке ала отырып қалыптастырылған.


Өзгелердің жаңалығы