Елімізде органикалық қалдықтарды өңдейтін тұңғыш жоба Ақкөлде іске қосылады

Елімізде органикалық қалдықтарды өңдейтін тұңғыш жоба Ақкөлде іске қосылады
619

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Жасыл даму» акционерлік қоғамы Француздың Syctom компаниясы мен бірлесіп, Ақмола облысының Ақкөл ауданында органикалық (тамақ) қалдықтарды шіріту әдісімен өңдейтін жобаны биыл іске қосады.  

Бұл туралы «Жасыл даму» АҚ баспасөз қызметі хабарлайды.

Осы ретте Syctom компаниясы мен «Жасыл даму» АҚ және Ақкөл аудандық әкімдігімен өзара түсіністік жөнінде үшжақты меморандумға қол қойды. Қыркүйек айында француздық компания органикалық қалдықты шірітуге арналған 5 бірдей электрокомпостер құрылғысын Ақкөл ауданына жеткізуді жоспарлап отыр. Жылына 125 тонна органикалық (тамақ) қалдық өңдейтін заманауи құрылғы Ақкөл ауданындағы балалар үйіне, орталық ауруханаға, ғарыштық байланыс орталығы кешеніне және «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ғимаратына орнатылады.

Жоба аясында Француз тарапы қалдықтарды қайта өңдеуге  қажетті жабдықтар жеткізу мен техникалық зерттеуге кететін шығындарды өз мойындарына алған. Жергілікті әкімдік француз компаниясы жеткізетін жабдықты қабылдап, оған арнайы жер бөліп, француз компаниясы мен «Жасыл даму» АҚ-ға өңделген қалдық бойынша мониторинг есебін ұсынады.  

Ақкөл сапары аясында Syctom компаниясының өкілдеріне арнайы құрылғы орнатылатын нысандар таныстырды. Франциялық мамандар ұсынылған ғимараттар органикалық қалдықты кәдеге жаратуға қолайлы болатындығын көрді. Айта кету керек арнайы қондырғыға салынатын тамақ қалдықтары қарашірікке айналады. Оны бау-бақшаға тыңайтқыш ретінде қолдануға болады.

Естеріңізге сала  кетейік, тамақ қалдықтарын кәдеге жарату бойынша арнайы құрылғы орнатуды қаржыландыруға француз үкіметі 2020 жылы 500 мың еуро грант бөлуге шешім қабылдаған. Соның нәтижесінде Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отырған жоба FASEP (жеке секторға көмек және зерттеу қоры) гранты бойынша  Франция мемлекеті есебінен жүзеге асырылуда. 


Фото: дереккөз