Елімізде мұнайды есепке алу жүйесі іске қосылады

12 Наурыз 2021, 21:06
2102
Бөлісу:
Елімізде мұнайды есепке алу жүйесі іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін ерекше болады. Энергетика министрлігі Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «ҰАТ» АҚ базасында мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін толыққанды режимде іске қосады.

Механизм тұтынушыға жеткізуге дайындалған айналымдағы шикі мұнай мен газ конденсатының мөлшері туралы деректерді жинау, өңдеу, сақтау және пайдалану процесін автоматтандыруға мүмкіндік беретін болады.

МЕАЖ дайындықтан, тасымалдаудан, сақтаудан, тиеп-жөнелтуден, өткізуден, Қазақстаннан тысқары жерлерге әкелуден және әкетуден бастап мұнай мен газ конденсатын есепке алудың тиімді құралы ретінде құрылған. Сондай-ақ бұл есептерді тапсыру кезінде адами фактор қателерінің азаюына және қағаз құжат айналымы үлесінің қысқаруына әкеледі.

Мұнай мен газ конденсатын есепке алу жүйесі мұнай өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардың қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен интеграцияланатын болады. Өндіру, дайындау, қайта өңдеу, тасымалдау, сақтау, өткізу, тиеп-жөнелту, Қазақстаннан әкелу және әкету көлемдері туралы барлық деректер ақпараттық жүйеге берілетін болады. Компаниялар сондай-ақ орнатылған есептеу құралдарын ішкі бақылау ретінде немесе басқа мақсаттар үшін пайдалана алады.

Уәкілетті орган жедел деректер негізінде мемлекеттік деңгейде шұғыл шешім қабылдайтын,  газ конденсаты мұнайының айналымын болжайтын, материалдық теңгерімді автоматты түрде есептей алатын және есепке алу аспаптарынан алынған деректер негізінде есептер қалыптастыра алатын болады.

Бұл ретте, нақты ақпарат алу үшін барлық деректер әр ұйымнан жеке қабылданады, ал есептер кәсіпорынның қызметіне байланысты қалыптасады. Мысалы, мұнай тасымалдау ұйымдары өндіруші ұйымдардан мұнайды қабылдау, мұнай өңдеу ұйымдарына және экспортқа тапсыру бойынша есептерді береді.

Бүгінгі таңда жүйе пилоттық режимде іске қосылған және оған 3 мұнай тасымалдаушы ұйымы қосылды: – «ҚазТрансОйл», «МұнайТас» және «Қазақстан-Қытай Құбыры». «Каспий құбыр консорциумы» қосылу сатысында тұр. Ағымдағы жылы жүйеге Қазақстанның мұнай өндірісінің жалпы көлемінің 60%-ын қамтамасыз ететін бірқатар ұйымдарды қосу жоспарлануда. 2021-2022 жылдары МЕАЖ-ға барлығы 3 мұнай өңдеу зауыты, 16 шағын МӨЗ, 4 мұнай тасымалдау ұйымы және 100 жер қойнауын пайдаланушы деректер жіберетін болады.

Өзгелердің жаңалығы