Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте ЕХӘҚМ әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаментінің директоры Альбина Боранбайқызы оңалту орталықтары жайында ақпарат берді.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар әкімдіктердің қарауына кіреді. Елімізде осындай 900-ден астам орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтарда 110 мыңнан астам адам әлеуметтік қызмет алып жатыр. Ұлттық жоспар аясында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалтудың кешенді тәсілі көзделген, - деді маман.
Ол әлеуметтік қорғау саласындағы оңалту орталықтарының желісін кеңейту бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталып өтті.
Бүгінгі күні еліміз бойынша бұл салада мүгедектігі бар ересектер мен балаларға арналған 55 оңалту орталығы жұмыс істейді. 2025 жылға дейін елімізде жыл сайын балаларға арналған 3 орталықтан ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2021-2023 жылдары еліміздің 12 өңірінде 150 орындық ірі жаңа оңалту орталығын салу жоспарланған, - деп тоқталды Альбина Боранбайқызы.
Одан бөлек, Елбасының «Қамқорлық» қоры бастамасымен аутизмі бар балаларға арналған тағы 8 орталықты ашу жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта әкімдіктер 8 өңірдегі ғимаратты іріктеп алды. Мамандар оқыту «Тұңғыш Президент» қоры есебінен, ал заманауи жабдықтарды Самұрық-Қазынан есебінен сатып алу жоспарланып отыр.