Қазан айының екінші жексенбісі елімізде Мүгедектігі бар адамдар күні болып белгіленген. Республикада ерекше қажеттіліктері бар 719 мыңнан астам адам тұрады. Мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қолдауы мен өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басты міндеттерінің бірі болып табылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстанда тұратын мүгедектігі бар 719,3 мың адамның 422,5 мыңы еңбекке қабілетті жастағы (58,7%), 189,9 мыңы зейнеткерлік жастағы (26,4%) азаматтар болса, 106,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (14,9%) болып табылады.
Мемлекет ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға әлеуметтік ықпалдасуы үшін жүйелі шаралар қабылдауда.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау; әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді.
Мүгедектігі бар адамдардың көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмек, сурдо-тифлотехникалық құралдар, кресло-арбалар, санаторлық-курорттық емдеу, міндетті гигиеналық құралдар, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.
Қазақстанның барлық өңірінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде, – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мәселелерін шешу мақсатында Еңбекмині жанында Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында үйлестіру кеңесі жұмыс істейді, оның басты міндеті – мемлекет пен қоғам арасында диалог алаңын құру, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу.
Мемлекет басшысы 2023 жылғы 7 маусымда Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы Заңға қол қойды (2023 жылғы 12 тамызда күшіне енді). Факультативтік хаттаманы қабылдау – БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің Қазақстан азаматтарының жеке өтініштерін қарау құзыретін мойындау.
Биыл шілдеден бастап ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енді, онда барлық азаматтар үшін әлеуметтік қорғау саласында тең құқықтар мен мүмкіндіктер көзделген. Нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына, денсаулық жағдайына, оның ішінде мүгедектігіне байланысты немесе өзге де мән-жайлар бойынша кез келген шектеу кемсітушілік болып табылады және оған тыйым салынады.
Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары айтарлықтай күшейтілді. Мәселен, осы жылдың 1 шілдесінен бастап қосымша:
- мүгедектігі бар адамдарға; I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдарға; мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) төленетін жәрдемақылардың мөлшері 14,5%-ға ұлғайтылды. Сондай-ақ, еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5% - ға артты. Жыл басында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің 8,5%-ға ұлғаюын ескере отырып, жылдық мәнде олардың мөлшері 23% - ға өсті.
- Spina bifida диагнозы қойылған мүгедектігі бар адамдар күніне 6 дана (жылына 2 190 дана) мөлшерінде бір рет қолданылатын майланған катетермен қамтамасыз етіледі;
- мүгедектігі бар адамдарға берілетін жөргектер саны күніне 2 данадан 4 данаға дейін ұлғайтылды (жылына 1460 дана);
- ментальдық бұзушылығы бар балаларға қатар жүретін аурулар болған кезде санаторлық-курорттық емдеу мүмкіндігі берілді;
- мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту қарастырылады. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде рәсімделе алады және олар тиісті еңбекақы мен әлеуметтік аударымдармен қамтамасыз етіледі.
- арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) стандарттары қайта қаралады және 2025 жылдан бастап қызметтер үшін жекелеген нормативтер және өтемдік техникалық құралдар үшін шекті бағалар түріндегі жан басына шаққандағы норматив енгізіледі.
Мемлекет мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қамсыздандыруды жетілдіру жөнінде тұрақты негізде шаралар қабылдауда.
2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (бұдан әрі – МӘЖ) алушылардың саны 538,4 мың адамды құрайды. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша МӘЖ төлеуге 298,5 млрд теңге бағытталды. МӘЖ мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. 2023 жылдың 1 қазанына мүгедектігі бойынша МӘЖ-дің орташа мөлшері 68 464 теңгені құрады.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін жәрдемақыларға қосымша МӘСҚ-тен еңбекке қабілеттіліктен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Төлемдердің мөлшері жеке және келесі факторларға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициенттері, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу және табысты ауыстыру өтілі. 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 28,2 млрд теңгеге 96,2 мыңнан астам адам еңбекке қабілеттіліктен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем алды. 1 қазандағы жағдай бойынша әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 45 943 теңгені құрады.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарының (бұдан әрі – ОТҚ) өндірушісі мен жеткізушісін және оңалту қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) іске қосылды. Порталды енгізу 2022 жылы мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламаларының орындалуын 90,8%-ға дейін жеткізуге, сондай-ақ тұрғылықты жеріне қарамастан қызметтерге және ОТҚ-ға қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Әлеуметтік кодекс шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жанындағы Әлеуметтік қызметтер порталы жөніндегі комиссияға өнім берушіні порталдан шығару және оларға сапасыз қызмет немесе тауар ұсынылған жағдайда жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау құқығы берілді.
Қағазбастылықты, көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмау және мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету үшін пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жоба іске асырылады. Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді. Қазіргі уақытта жобаға 740-тан астам медициналық ұйым қосылған. Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанның барлық өңірінен 49 мың өтінім сырттай форматта қаралды.
Туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру және мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Қажеттілікке байланысты арнаулы әлеуметтік қызметтер 8 бағыт бойынша ұсынылады: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық.
Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтерді 740-қа жуық мемлекеттік ұйым ұсынады, оның ішінде: 118 стационарлық үлгідегі мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелер, 87 күндізгі болу мемлекеттік орталықтары, 34 мемлекеттік оңалту орталықтары, 505 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері.
Стационарлық ұйымдардың жұмыс істеп тұрған желісіне балама күндізгі және үйде болу жағдайында әлеуметтік қызметтер көрсету болып табылады, олар өз кезегінде отбасымен бірге болып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Нәтижесінде бұрын стационарлық мекемелерде болған 800-ден астам бала өз отбасыларына оралды.
Бүгінгі таңда АӘҚ көрсету бойынша әлеуметтік тапсырысты еліміздің барлық өңірлерінде 189 ҮЕҰ жүзеге асыруда (2009 жылы – 4 ҮЕҰ).
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту шеңберінде мынадай мәселелер бойынша жұмыс топтарының жұмысы басталды: АӘҚ және тариф белгілеу стандарттарын жетілдіру; арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін монополиясыздандыру және деинстуализациялау; әлеуметтік қызметкерлер мәртебесі.
Еліміздің 12 өңірінде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Абай, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары, Алматы, Астана, Шымкент қалалары) 150 орындық жаңа ірі оңалту орталықтарының құрылысы басталды. Абай облысының Семей қаласында оңалту орталығы пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін Түркістан облысының Кентау қаласында және Жамбыл облысының Тараз қаласында құрылыс аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар «Қазақстан халқына» ҚҚ қолдауымен еліміздің 8 өңірінде (Ақтөбе, Жетісу, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары, Алматы және Шымкент қалалары) аутизм спектрі бұзылған және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтарын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Әлеуметтік кодексте көзделген әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау шеңберінде жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы жеке секторды тарту арқылы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерді кезең-кезеңімен монополиясыздандыру жоспарлануда. Мүгедектігі бар адамдар тұратын жерлерде тікелей сыйымдылығы шағын үйлер, оның ішінде ауылдық жерлерде құрылатын болады.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа тәсілдерді іске асыру еліміздің 7 өңірінде (Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары) балаларға арналған сыйымдылығы шағын үйлерде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі пилоттық жоба түрінде басталды.
Бүгінгі таңда сыйымдылығы шағын үйлер Қарағанды, Көкшетау, Түркістан, Шымкент және Астана қалаларында табысты жұмыс істеуде. Оларда 100-ге жуық мүгедектігі бар бала қызмет алуда.