Елімізде мобильді блокбастер фестивалі екінші рет ұйымдастырылмақ

23 Шілде 2020, 15:22
1281
Бөлісу:
Елімізде мобильді блокбастер фестивалі екінші рет ұйымдастырылмақ

Алматы, BAQ.KZ. Смартфонға түсірілген қысқаметражды фильмдердің Mobile Blockbuster film festival-нің ұйымдастырушылары жобаның екінші маусымы басталғанын мәлімдеді.  

Байқаудың басты шарты өзгерген жоқ - видео ұялы телефонға түсірілуі тиіс. "Уақыт машинасы"  атты тақырыптың таңдалуы да кездейсоқтық емес. Авторлардың пайымынша, бұл лейтмотив үміткерлерге қиялдарына ерік беріп, шығармашылық қабілеттерін барынша ашуға септігін тигізеді. Байқау жұмыстары 15 тамыздан 15 қазанға дейін қабылданады. Фестиваль онлайн-форматта өтеді. 

Mobile Blockbuster film festival - Қазақстандағы смартфонға түсірілген жұмыстар бағаланатын алғашқы Фестиваль. Жоба авторлары қатысушыларға фильмдердің сюжеті, жанры мен жеткізу жолдары жағынан ешқандай шектеу қоймайды. Бастысы, қысқаметражды жұмыстар «Уақыт машинасы» тақырыбына сәйкес болуы тиіс және ұялы телефонға түсірілуі керек. Үміткерлер өз креативтілігі мен шеберлігін көрсете алады: өткен шақты еске салатын ностальгиялық әсері бар кино немесе болашақтағы өмірді баяндайтын фильм түсірсе де болады.
Мен фестивальдың қазылар алқасы құрамында болғаныма қуаныштымын. Меніңше, шығармашылықта ешқандай шекара, ешбір арақашықтық пен өзге де шектеу жоқ.  Бұл жоба қазіргі жүріп-тұру жағынан шектелген жағдайымызға қарамастан, қатысушылардың өздерінің шығармашылық қабілеттерін ашып көрсетуіне мүмкіндік береді. Оған қоса, бұл - қазақстандықтарды шабыттандырып, күш-қуатын жасампаздық бағытқа бұруға көмектесу үшін тамаша мүмкіндік, - дейді Mobile Blockbuster film festival қазылар алқасының төрағасы Асқар Ұзабаев.

Атақты қазақстандық режиссер Асқар Ұзабаевпен қатар фестивальдың қазылар алқасы құрамында актер Санжар Мәди, продюсер және жүргізуші Гүлбахор Хасанова, Ресейдің Қазақстан Республикасындағы Ғылым және мәдениет орталығы (Нұр-Сұлтан қ.)  жетекшісінің міндетін атқарушы Екатерина Малинина мен режиссер Артур Михеев (Мәскеу қ.) бар.

Айта кетейік, байқауға ұсынылатын фильмдер, кем дегенде, 1 минут болуы тиіс. Ең ұзағы 12 минуттан аспауы шарт. Үздік жұмыс авторы бас жүлде - смартфонды еншілейді. Басқа қатысушылар да бағалы сыйлықтар ұтып ала алады. Бас жүлдеден бөлек, ұйымдастырушылар тағы 9 аталым бойынша сыйлықтар тарту етпек. Олар: үздік сценарий, үздік режиссер, үздік музыкалық клип, үздік актер, актриса, үздік мультфильм, қазылар сыйлығы мен көрермен көзайымы.
Фестивальдың бірінші маусымын қоғам қаншалықты жақсы қабылдағанын ескерсек,  екінші маусымды өткізу керектігіне күмән болмады. Біз қазір де кейбір жеңімпаздармен байланысты үзбедік, көктемгі жобаға қатысу арқасында олардың мультипликатор, сценарист, костюм суретшісі ретіндегі және басқа да таланттары ашылды. Бұл олардың тоқтап қалмай, әрі қарай дамуына, смартфонға қысқа метражды фильмдер түсіруді жалғастырып, басқа конкурстарға қатысуына түрткі болды. Кез келген адам үшін басқалардың мойындауы, өз шығармашылығының аудиториясы табылғанын сезіну аса маңызды ғой, - дейді фестиваль авторы, идеясын ойлап табушы Дмитрий Байназаров.
Ұйымдастырушылар шараның жаңа тақырыбынан бөлек, білім беру жағына да мән беріп, тағы бір жаңашылдық енгізіп отыр. Байқау жұмыстары қабылданатын 2 ай бойы Қазақстан мен Ресейдің майталман мамандары апта сайын онлайн-форматта шеберлік-сағаттарын өткізеді. Мәселен, жүргізуші әрі продюсер Гүлбахор Хасанова (Алматы қ.) актерлік шеберлік пен шешендік өнердің қыр-сырын түсіндіреді, режиссер Артур Михеев (Мәскеу қ.) "Мобильді видеография негіздері" тақырыбында семинар өткізеді, Сергей Литовченко (Алматы қ.) сәтті сценарий жазу құпиясымен бөліседі, ал интернет агенттік жетекшісі Павел Лапуцков (Мәскеу қ.) қазақстандықтарға санаулы сағатта өз бетінше жеке сайт ашуды үйретеді.



Өзгелердің жаңалығы