Елімізде коронавирусты анықтайтын тест жасалды

4 Сәуір 2020, 09:34
1910
Бөлісу:
Елімізде коронавирусты анықтайтын тест жасалды

Алматы, BAQ.KZ.   Алматыда аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының базасында жұмыс істейтін орталық референттік зертхана ғалымдары Covid-19-ды тексеру құрылғысын құрастырып шығарды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Оның көмегімен 5-6 сағаттың ішінде сынаманың дәл қорытындысын алуға болады. Жылдамдығы мен сезімталдығы жағынан шетелдік тест құрылғыларынан кем түспейтін көрінеді.

Зертханаға екінің бірі кіре алмайды. Аумақ ерекше қорғалады. Себебі, ғимараттың ішінде аса қауіпті жұқпалы індеттер анықталып, оның құрамы жіті зерттеледі. Орталық референттік зертханадағы жұмыс қазір қыза түскен. Мұндағы ғалымдар басқа вирустарды былай қойып, дәл қазір күллі әлемге қауіп төндірген коронавирусқа сараптама жасауда. Отандық диагностикалық жүйені де әзірлепті. 
Әзірге құрылғы қолданысқа енбеген. Тиісті сертификат алған соң, ол ел аумағындағы барлық диагностикалық зертханаларға жіберілмек. 
Бізде ресейлік және еуропалық тест бар, Қытай республикасынан келген тесттер бар. Біздің тест олардан өзінің сезімталдығы жағынан бірдей. Бұл жер Қазақстанның үлкен ғалымдарының жиналған жері. Қазақстан ғалымдарының да қолынан келеді, жасай алатынымызды біз де дәлелдедік, - дейді Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы бас директоры міндетін атқарушы Тоқтасын Ерубаев.

Ғалымдар осыған дейін коронавирусқа қатысты 2 мыңнан аса науқастан алынған сынаманы зерттеген.  

Референттік зертхана аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының базасында жұмыс істейді. Мекеме Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісім аясында тұрғызылған. Нысан Қазақстанның меншігінде. Қазір оны еліміздің денсаулық сақтау, ауыл шарашылығы, білім және ғылым министрліктері бірлесіп пайдалануда. Зертхананың бір ғана мақсаты – елдегі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.  
Орталық референс-лабораторияда тек қана Қазақстанның мамандары жұмыс істейді. Басында америкалық мамандар инженер дайындауға, маман дайындауға көмее көрсетті. Бүкіл Қазақстандағы аса қауіпті аурулардың зерттеулерінің барлығы осында жүргізіледі. Мұндай зертхана Орталық Азияда жоқ,- дейді Т. Ерубаев.
Өзгелердің жаңалығы