Көлік министрлігі теміржол саласындағы цифрлық жобаларды әзірлеуге және іске асыруға белсенді қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басымдық берілген жобалардың қатарына жетекші әлемдік порт операторы – сингапурлық PSA компаниясымен ынтымақтастық шеңберінде Tez сustoms жүк мультимодальды платформасын енгізу жобасы кіреді.
2023 жылдың соңында «ҚТЖ «ҰК» АҚ Көлік, қаржы, ауыл шаруашылығы министрліктерімен және ЦДИАӨМ бірлесіп Tez customs жүйесін еліміздің екі теміржол бағытында сынақтан өткізді. Пилоттық жоба үшінші елдерге транзит арқылы транзиттік декларацияны автоматты түрде тіркеу және шығару мүмкіндігін көрсетті.
Аталған жұмыс жалғасып жатыр және ерекше бақылауда. Оған қоса жобаға Әзербайжан, Грузия және көптеген қытайлық логистикалық платформалар қосылды.
Сондай-ақ цифрлық құралдардың көмегімен экспедиторлық және қойма қызметтері көзделетін ҚТЖ қызметтерінің бірыңғай терезесін іске асыра отырып, жүктерді ішкі тасымалдаудағы процестерді оңтайландыру жоспарда бар. Бұл платформа жүк жөнелтушілердің, тасымалдаушылардың және жүк тасымалдарының операторларының теміржол көлігімен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге тиіс.
Цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және жаңартуға ерекше назар аударылады. Бүгінгі таңда ҚТЖ Huawei және Wabtec Corporation компанияларымен ынтымақтастықты бастап кетті. Жасанды интеллект алгоритмдері, жылжымалы құрамды бақылау жүйелері және басқа да элементтер кезең-кезеңімен енгізілуде.
Бұдан басқа, Көлік министрлігі мен ҚТЖ жолаушылар тасымалы саласында қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағыт алып отыр. Осы міндет шеңберінде кеңейтілген функционалы бар тиісті ұлттық цифрлық жүйені құру көзделуде.