Елімізде киножобаларды іріктеу конкурсының ережелері талқыланды

Кеше, 21:35
153
Бөлісу:
Елімізде киножобаларды іріктеу конкурсының ережелері талқыланды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық киноны қолдау орталығы жанындағы сараптама кеңесінің жаңа құрамымен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.

Биыл Ұлттық киноны қолдау орталығы жанындағы сараптама кеңесінің құрамы жаңартылды. Оған кино, әдебиет, мәдениет саласындағы мамандар, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары кірді.

Кездесудің негізгі тақырыбы киножобаларды конкурстық іріктеу ережелерін талқылау болды.

Министр Ұлттық киноны қолдау орталығының қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол сараптама кеңесі мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Өткен жылы қабылданған іріктеу конкурсының ережелеріндегі өзгерістер іріктеудің ашық әрі жеңіл өтуіне бағытталғанын да атап өткен жөн.

Жаңа ережелерге сәйкес, іріктеу екі кезеңге бөлінген. Бұл өзгеріс Қазақстандағы кино өнерінің дамуына жаңа серпін береді.

Бірінші кезеңде сараптама кеңесі тек сценарийлер мен сценарий жоспарларын саралайды. Бірінші кезеңнен сәтті өткеннен кейін таңдалған сценарийлердің авторлары екінші кезеңде құжаттардың толық пакетін ұсынуы керек. Үміткерлер қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін анықталған қателерді түзетуге үш күн уақыт беріледі. Құжаттарды қабылдау аяқталған соң, Орталық сараптама кеңесінің қарауына өтінім жібереді. Содан кейін питчинг күні белгіленеді.

Кеңес мүшелері жауапкершілікті терең сезініп, конкурстың барлық кезеңдерінде әділ шешім шығарып, ашық конкурс өткізуге тиіс. Киножобалардың белгіленген талаптарға сәйкес болуына баса назар аударылады. Бұл шаралар отандық кино саласын дамытуға, сондай-ақ ұлттық мүдде мен идеологияға сай келетін жобалар санын арттыруға көмектеседі, - деп атап өтті Аида Балаева.

2025 жылы "ұлттық құндылықтар", "отбасы", "қоршаған ортаны қорғау", "заң мен тәртіп", "тарихи елеулі оқиғалар", "дос қадірі", "әйел құқығы, бала қауіпсіздігі", "қазіргі заманның қаһармандары", "ел бірлігі" сынды басым тақырыптарда киножобалар дайындауға болады.

2025 жылы Министрліктің және Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен 10 жаңа фильм жарық көреді. Биыл "Капитан Байтасов", лудомания тақырыбын қозғайтын "Игроманка" атты драма, футбол туралы"90+1" спорттық драмасы, сондай-ақ "Күзгі самал", "Фейковый арман", "Qaitadan", "Тезек", "Қара қыз", "Алтын адам", "Хош иісті жүрек" және "Авель" фильмдері жарыққа шығады.

Өзгелердің жаңалығы