Бүгін Түркістанда ІІ Түркі Универсиадасының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Спорттық жарысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырды. Спорттың 7 түрінен жарыс 10 қарашаға дейін жалғасады.
Бұл Қазақстанның төрағалығымен Түркі мемлекеттері Ұйымының X саммиті өткеннен кейін ұйымдастырылған алғашқы шара.
Ашылу салтанатында түркі мемлекеттері Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сөз сөйлеп, түркі жастарына табыс тіледі.
Өткен жылы Самарқандта өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде: Қазақстан түркі әлемінің Атажұрты ретінде ұйымға мүше барлық елмен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін жеткізіп, елімізде ІІ Түркі универсиадасын өткізуді ұсынды. Универсиаданы өткізу орны да кездейсоқ таңдалмаған, Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы. Бұл тек бастама. Түркі елдерін біріктіретін іс-шаралар келесі жылы да жалғасын табады. Баршаңызды осындай жарқын оқиғамен құттықтаймын және сәттілік тілеймін!, - деді министр Саясат Нұрбек.
Түркі мемлекеттері Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров өзінің құттықтау сөзінде Түркістандағы ІІ түркі Универсиадасын ұйымдастырудың барлық қатысушы елдер үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті, сондай-ақ ұйымдастырушыларға қонақжайлылығы мен спорттық іс-шараны жоғары деңгейде өткізгені үшін алғыс айтты.
Салтанатты шара жергілікті әртістердің концерттік бағдарламасымен жалғасты.
ІІ түркі Универсиадасына Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Венгриядан барлығы 450-ге жуық спортшы қатысады. Қатысушылар спорттың 7 түрінен жарысады: үстел теннисі, шахмат, волейбол, футзал, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі.
Жарыс «Olympic center» спорт кешені мен Х. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында өткізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін ІІ Түркі Универсиадасына қатысушы елдердің ресми делегациялары өкілдерінің кездесуі өтті. Жиында студенттік спортты дамыту және тәжірибе алмасу мүмкіндіктері талқыланды.
Универсиада жарыстарының жеңімпаздары 10 қарашада анықталады. Жабылу және марапаттау рәсімі Х. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтеді.