Елімізде даму ерекшеліктері бар балаларға арналған мамандарды оқыту басталды

17 Тамыз 2021, 13:32
3715
Бөлісу:
Елімізде даму ерекшеліктері бар балаларға арналған мамандарды оқыту басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен Алматыда «Сенсорлық интеграция және баланың дамуы. Сенсорлық интеграцияға негізделген терапиялық тәсілдер» бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау және білім беру саласының 28 маманын үш апталық оқыту басталды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

Аталған бағдарламаға үш кезеңдік іріктеуден өткен психологтар, дефектологтар, логопедтер, дәрігерлер, ЕДШ/АДШ жаттықтырушылары және ЖОО оқытушылары қатысты. Курс аясында қабылдаудың тактильді, вестибулярлық, проприоцептивті және басқа да әдістеріне әрі сенсорлық сезімдерге бағдарланған аутистік спектрі бұзылған балалармен жұмыстағы сенсорлық-интегративтік тәсіл зерделенетін болады, - делінген Еңбек министрлігі мәліметінде. 

Сенсорлық интеграция қарым-қатынасты жақсартуға, стереотиптік қайталанатын қозғалыстардың азаюына, зейіннің шоғырлануына ықпал етеді, сонымен қатар көптеген елдерде қолданылатын эрготерапия бағдарламасының бөлігі болып саналады. Бұл курстың басты мақсаты - аутистік спектрдегі аурулары бар балаларға көмек және түзету көрсететін мемлекеттік денсаулық сақтау, білім беру әрі әлеуметтік қорғау мекемелерінің бағдарламасына эрготерапияның бір бөлігі ретінде сенсорлық-интеграциялық әдістерін енгізу. 

Бағдарлама аяқталғаннан кейін, әрбір қатысушы алған білімі мен құзыреттілігі негізінде өзінің сенсорлық интеграция курсын әзірлейді және оған денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау саласындағы ұйымдардың кемінде 10 қызметкерін өтеусіз негізде оқытады деп жоспарлануда, - делінген ақпаратта.

Бұдан басқа, білім алғандар арасында мастер-жаттықтырушылар іріктеліп алынады, олар жоғары оқу орындары үшін ұлттық әдістемелер мен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тартылатын болады, сондай-ақ кейіннен денсаулық сақтау, білім беру және халықты әлеуметтік қорғау мекемелерінің мамандарын жаппай оқытуды бастайды.


Өзгелердің жаңалығы