Елімізде букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынады

5 Маусым 2024, 11:10
260
Бөлісу:
Елімізде букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынады
Фото: pixabay.com

Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Ернұр Бейсенбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда таныстырды.

Ойын бизнесі туралы заң букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді ғимараттардың, құрылыстардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салады. Дегенмен букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың жабдықтарында, спорттық теле-радио арналарда, спорттық іс-шараларды көрсетуге мамандандырылған интернет-ресурстарда жарнамаға рұқсат етіледі, - деп түсіндірді депутат.

Оның сөзінше, бұл ретте отандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциялау кезінде букмекерлік кеңселер мен ұтыс ойынын жарнамалай алады.

Сонымен қатар түзетулерде ұялы байланыс операторларына электронды казинолар, онлайн-казинолар, сондай-ақ халықтың абоненттік құрылғыларына құмар ойындар мен бәс тігулер туралы жарнаманы қамтитын мәтіндік хабарламалар жіберуге тыйым салу көзделген.

Еске сала кетейік, Мәжіліс заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады.

Өзгелердің жаңалығы