Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот орындаушылары қаңтар айынан бері борышкерлер мен олардың мүлкін анықтау бойынша 93 іс-шара өткізген. Нәтижесі бойынша 329 автокөлік құралы арнайы тұраққа қойылып, борышкерлерден 226,4 млн теңге қаржы өндіріп алынған.
Қамалған көліктердің едәуір бөлігі Шымкент қаласында 123 болса, қалғандары Астана қаласында 50, Абай облысында 42 көлік құралы арнайы тұраққа алынды. Сонымен бірге жаңа кіріс көздерін анықтау және оларды қарыздарды өндіріп алу үшін пайдалану мүмкіндігіне талдау жүргізіледі. Кіріс көздеріне электрондық әмияндардан, букмекерлік компаниялардан, биржалық саудадағы бағалы қағаздармен, криптовалюталармен болатын операциялардан, дропшипингтен, желілік маркетингтен, такси қызметтерінен алынған кірістер жатады. Бұл механизм қарыздарды өндіріп алудың тиімді құралдарының бірі деп санаймыз,-деді Талғат Уәли.