Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Елімізде балаларға арналған сурдлимпиялық спорт секциялары көбейеді

10 Қыркүйек 2025, 21:50
404
Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде есту қабілеті бұзылған балаларға арналған спорт секцияларының санын арттыру тапсырылды. Бұл шара елімізде сурдлимпиялық спорт резервін жүйелі түрде қалыптастыруға және оның тұрақты дамуына ықпал етпек, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиында сондай-ақ 15-25 қараша күндері Жапонияның Токио қаласында өтетін XXV Сурдлимпиадаға ұлттық құраманың дайындығы талқыланды. Биылғы додаға 80 елден 3 мыңнан астам спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы 8 спорт түрінен бақ сынамақ.

Қазіргі таңда команда 11 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Спортшылар спорттық киім-кешек, құрал-жабдық, арнайы тағам мен дәрумендермен толық қамтамасыз етілген. Әрбір спортшының физикалық дайындығы жеке талданып, ықтимал қарсыластары анықталды.

Мемлекет басшысы инклюзивтілікке, спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Сурдлимпиадаға дайындық бойынша мемлекет өз міндеттемелерін толық орындады. Дегенмен дайындықтың кейбір мәселелерін қысқа мерзімде шешу қажет, – деді министр.

Сонымен бірге Ербол Мырзабосынов халықаралық тәжірибені ескере отырып, сурдлимпиялық спортты дамыту жол картасын әзірлеуді, ғылыми негіздерді енгізуді және балалар мен жасөспірімдер спортын жандандыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы