Қазақстан Илон Масктің Starlink интернетіне балама болатын Amazon Kuiper спутниктік интернет қызметімен келісімге қол қоюды жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.
Айта кетейік, Астанада цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Орталық Азиядағы алғашқы Азия-Тынық мұхиты министрлер конференциясы өтіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша түрлі келісімдерге қол қою жоспарланған.
Цифрлық даму министрі ең маңызды келісімдердің бірі Amazon Kuiper интернет қызметімен жасалатынын айтты.
Amazon Kuiper — спутниктік интернет қызметін ұсынатын спутниктік шешім. Starlink, OneWeb-тің баламасы. Менің ойымша, осы бағытта бәсекелестікті дамыту арқылы біз азаматтар үшін қолайлы бағада сапалы қызметтер ала аламыз, — деді Жаслан Мәдиев Астанада цифрлық инклюзия және трансформация конференциясында.
Өткен жылы Amazon компаниясы Project Kuiper спутниктік интернет қызметтерін іске қосу үшін алғашқы екі ғарыш спутнигінің прототиптерін ұшырды.
Жалпы Amazon 3200-ден астам спутникті орбитаға шығаруды жоспарлаған болатын.
Алайда, жақында компания Project Kuiper толыққанды топтамасын іске қосуды 2024 жылдың соңына шегерді.