Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Байытов коммуналдық-тұрмыстық сектор мен тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
30 қазандағы мәлімет бойынша елімізде 89 млн тонна көмір өндірілді. Елдің ішкі нарығына көмірді жеткізу 61 млн тоннаны құрады, оның ішінде энергия өндіруші кәсіпорындарға – 46 млн тонна, өнеркәсіп кәсіпорындарына – 5,6 млн тонна, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа – 9,1 млн тонна көмір. 30 қазан жағдайында жалпы жоспарға қарағанда көмірмен қамтамасыз етілу коммуналдық-тұрмыстық секторда – 92,2%, халыққа 76% құрады, - деді Байытов.Оның сөзінше, Ақтөбе, Жамбыл, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстары, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктері коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмірді жылдық жеткізу кестесін толығымен қамтамасыз етті.
Шілдеде өткізген үлкен отырыста өткен жылдардағыдай күн салқындай бастағанда дүрлігуге жол бермеу үшін коммуналдық-тұрмыстық көмірді жергілікті атқарушы органдар тамыз-қыркүйекте дайындай беру қажет деген болатынбыз. Бұл дегеніміз ауруханалар мен мектептерді, мекемелерді жылыту деген сөз, - дейді комитет төрағасы.Елімізде 4 көмір өндіруші компания коммуналдық-тұрмыстық және халық үшін көмір жеткізудің жалпы көлемінің 89%-ын құрайды: "Шұбаркөл көмір" АҚ – 28%, "Қаражыра" АҚ – 25%, "Майкубен-Вест" – 25%, "Богатырь көмір ЖШС" – 11%.
Ол Ақтөбе облысында көмір жеткізілмей жатыр деген ақпараттан соң "Шұбаркөл" компаниясымен және көмір жеткізетін трейдермен хабарласқанда 25-30 қазанда 14 вагон немес 950 тонна көмір жөнелтілгенін айтты.