Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады. Оның айтуынша, қылмыстың 2212-і тәулік ішінде ашылған.
Елдегі криминогендік жағдайға тоқталған ІІМ ресми өкілі бір апта ішінде 3211 қылмыс жасалды деп отыр.
Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 11 кісі өлтіруді, 6 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 4 қарақшылық, 32 тонау және 466 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, - деді Нұрділдә Ораз.
Сонымен қатар ол полиция қызметкерлерінің еңбегін алға тартты.
Күн сайын біз тек полиция қызметкерлерінің көмегімен ғана шешуге болатын мәселелерге тап боламыз. Бұл учаскелік инспекторлардың, тергеушілердің, анықтаушылардың және ішкі істер органдарының басқа да қызметкерлерінің күрделі және қауырт еңбегі. Олардың әрқайсысы – азаматтардың сот төрелігі мен әділеттіліктің салтанат құруына деген үміті, құқық тәртібі мен заңдылықтың кепілі, - деп атап өтті ведомство өкілі.