Елімізде 650-ге жуық домбыра үйірмесіне 26 мыңнан астам бала қатысады

2 Шілде 2023, 21:30
842
Бөлісу:
Елімізде 650-ге жуық домбыра үйірмесіне 26 мыңнан астам бала қатысады
Фото: gov.kz

Бүгін елімізде Ұлттық домбыра күні ерекше аталып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Республика бойынша салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылып, ең ірілерінің бірі бүгін Астанада ұйымдастырылды. «Бәйтерек» монументінің жанында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған концертке отандық музыка жұлдыздары қатысты.

Елорда тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, соның ішінде: Секен Тұрысбеков, Айтқали Жайымов, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Елшібаева, Қайрат Кәкімов, Ерлан Рысқали, Айгүл Қосанова, Дінзухра Тілендиева, Айгүл Үлкенбаева, «Астана Опера» опера және балет театры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Қазақ мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық ұлттық аспаптар оркестрі, жақын шет елдердің әртістері және т.б. солистер киелі домбыра шанағынан күй әуелетті.

Концерт көптеген көрерменді, соның ішінде шетелдік туристері айрықша тәнті етті. Іс-шара басталар алдында жиналған қауымды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, төл аспабымызды ұлықтауда жүргізіп жатқан жұмыстар туралы айттым. Домбыра - бұл жай ғана аспап емес, ол қазақ халқының бойтұмары әрі біздің бай музыкалық мәдениетіміздің қайнары. Әрине, ұлттық өнерімізді сақтамай, рухани мұрамызды байыту мүмкін емес. Біздің министрлік осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, - дейді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Оның айтуынша, домбырада және басқа да дәстүрлі аспаптарда ойнау өнері материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізіміне қосылды. Ал «Ортеке» қуыршақ биі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енді.

Мемлекет басшысының мектеп бағдарламасына домбыра сабақтарын енгізу жөніндегі бастамасына сәйкес, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында елімізде 650-ге жуық домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Оларға 26 мыңнан астам бала қатысады.

Сонымен қатар, Президенттің Жарлығымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестріне «Ұлттық» мәртебе берілді. Бұл оның қызметкерлерінің жалақысын көтеруге мүмкіндік берді.

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» МКО жанынан ұлттық дәстүрлі мәдениет пен өнерді насихаттауға бағытталған «Халық Қазына» Ұлттық Өнер орталығы құрылды. Ал наурыз мерекесіне орай елордада жыршы мен терме орындаушыларының ауқымды халықаралық фестивалі өтті.

Қорыта айтқанда, барлық отандасымызды Ұлттық домбыра күнімен тағы да құттықтағым келеді. Киелі домбырамыз,  оның қос ішек, тоғыз пернесінен төгілген күй, әуелеген ән халқымызбен бірге мәңгі жасай берсін! - деп құттықтады министр.

Өзгелердің жаңалығы