Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен «Әлеуметтік жұмыс» бағытындағы 10 кәсіпті қамтитын «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саланың басқа да кәсіптері» кәсіптік стандарты бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, бұған дейін бұл бағыт 4 кәсіптік стандартпен қамтылған болатын.
Бұл ретте 4 кәсіп алғаш рет анықталып, Ұлттық қызмет жіктеуішінің жобасына енгізілді. Оларға мыналар жатады: әлеуметтік көмекші; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардағы әлеуметтік қызметкердің ассистенті; әлеуметтік қызметкер кейс-менеджері; әлеуметтік жұмыс менеджері.
Кәсіптік стандартта кәсіби міндеттерді орындаудың бірқатар жаңа тәсілдері қарастырылған:
– халықты әлеуметтік қорғау саласындағы барлық деңгейлеріндегі мамандардың цифрлық мобильдік қосымшаларды пайдаланудың міндеттілігі және МБА-мен коммуникация құру;
– әлеуметтік қызметкерлердің мүмкіндігі шектеулі адамдардың қызметі мен міндеттеріне, сондай-ақ оның отбасы мен тұрғылықты ортасының әлеуетіне бағалау жүргізе білу;
– көпсалалы команда құрамында супервизиялық топтардың жұмысын ұйымдастыра білу;
– адвокация, мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүмкіндіктерін кеңейту және т. б.
Кәсіптік стандарттың «Әлеуметтік жұмыс» бағытындағы кәсіптерге қойылатын қазіргі заманғы талаптарға сәйкестігін бағалауды Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің, Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің мүшелері берді. Кәсіптік стандарт ашық НҚА порталында жарияланып, талқылау кезеңінен өтті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың оң қорытындысын алды.
«Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саланың басқа да кәсіптері» кәсіби стандарты 2025 жылғы 25 қаңтардан бастап күшіне енеді.