Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева айтты.
«Тұрмыс» жедел- алдын алу іс шарасы болып өтті. Шара барысында полицияға 4 мыңнан астам хабарлама келіп түскен. Оның 1500-ін полиция қызметкерлері үйлерді аралау барысында анықтаған.
Отбасындағы жанжалдардың негізгі себебі - ішкілікке салыну, отбасылық тұрмыстық қиыншылықтар, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі.
Осындай зорлық-зомбылықты уақытылы анықтау және алдын-алу үшін бірнеше шара жүргізілгенін айтады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін бұрын полиция назарына түскен 39 мыңға жуық адаммен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Өмірлік қиын жағдайдағы 675 отбасы анықталды. Қауіптілік деңгейін анықтау үшін 3500-нан астам отбасыға сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде 559 отбасында қайта құқықбұзушылық жасау қаупі жоғары екені анықталды. 5500 қорғау нұсқамалары шығарылды,- деп атап өтті Ақмарал Серікбаева.
Өз балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамайтын 8000 ата-ана есепке қойылған. Оның ішінде 1057 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
200 факті бойынша ата-ана құқығынан айыру туралы мәселесін қарау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға материалдар жіберілді. Дағдарыс орталықтарында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 600 адамға көмек көрсетілді. Бүгінгі таңда жалпы Ішкі Істер органдары есебінде құқықбұзушылық пен қылмыс жасаған 120 мың адам тұр,-деп атап өтті ол.