Елімізде 18,5 млн адам мобильді интернетті пайдаланады

2026 жылдың қаңтар–маусым айларында Қазақстандағы байланыс қызметтерінің нақты көлем индексі 104,3 пайызды құрады.

 ЖИ арқылы жасалған 14 Шілде 2026, 02:29
14 Шілде 2026, 02:29
152
Фото: ЖИ арқылы жасалған
Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі 103,1 пайыздық көрсеткіштен жоғары. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, алты ай ішінде көрсетілген байланыс қызметтерінің жалпы көлемі 777,7 млрд теңгеге жеткен.

Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 718,3 млрд теңге болған. Байланыс нарығында ең үлкен үлесті ұялы байланыс қызметтері иеленіп отыр – 37,2 пайыз. Интернет қызметтерінің үлесі 37 пайызды, ал өзге телекоммуникациялық қызметтердің үлесі 15,9 пайызды құрады.

2026 жылғы маусымдағы жағдай бойынша елімізде ұялы байланыс абоненттерінің саны 27,3 миллионға жеткен. Оның ішінде 18,5 миллион адам мобильді интернетті пайдаланады. Сонымен қатар тұрақты интернетке қосылған абоненттер саны 3,47 миллионды, ал тіркелген телефон желілерінің саны 2,04 миллионды құрады.

Өңірлер бойынша байланыс қызметтерінің ең жоғары көлемі дәстүрлі түрде Алматы қаласында тіркелді – 402,4 млрд теңге.

Екінші орында Астана қаласы – 229,5 млрд теңге. Облыстар арасында Қарағанды өңірі 13,9 млрд теңгемен көш бастаса, Ақмола облысында бұл көрсеткіш 12,5 млрд теңгеге жеткен.

Ал пошта және курьерлік қызмет көрсету саласында төмендеу байқалды. Осы бағыттағы нақты көлем индексі 93,5 пайызды құрап, былтырғы 104,4 пайыздық деңгейден төмен болды.

Статистика бюросының мәліметіне сәйкес, биылғы алғашқы жартыжылдықта пошта және курьерлік қызметтердің жалпы көлемі 42,8 млрд теңгені құрады. Салыстырмалы бағамен есептегенде бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайызға аз.

Наверх