Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл 10 айында 18 млн-нан астам теміржол билеті сатылды. Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
1 шілдеден бастап электронды билет сатудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол отандық "Мобиус" фискалды компьютерлік бағдарламасы бойынша жүзеге асып отыр. Жаңа жүйе бойынша бір бағытқа бір мезетте 5 реттен артық тапсырыс берген кезде касса белгілі бір уақытқа (5 минутқа) бұғатталады, яғни жүйеге түскен билетті лезде "қағып" алу енді мүмкін емес, сондай-ақ қайтарылған және бронь бойынша пайдаланылмай қалған билеттер тікелей Күту парағына түседі. Және де билеттерді сату көздері ұлғайды (интернет-сайт, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары, пошта бөлімшелері арқылы). Осының бәрі жол жүру құжаттарын (билеттерді) сату кезінде теріс пайдалану фактілерін болдырмауға мүмкіндік берді, - делінген хабарламада.
Шілде айынан қазан айына дейін жолаушылар 76 611 билет сатып алған.
Ағымдағы жылдың 10 қазанынан бастап орын брондау фактісін растау бойынша SMS-хабарлама енгізілді. Жалпы 2019 жылдың 10 айында 18 млн 021 мың билет сатылды, - дейді мамандар.
Естеріңізге сала кетейік, монополияға қарсы органмен "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ға жол жүру құжаттарын (билеттерін) қайтару кезінде 1000 теңге ұстап қалғаны үшін 865 млн теңге көлемінде айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.