Елімізде 10,7 мың шақырым автожол құрылыс-монтаждау жұмыстарымен қамтылды

23 Ақпан 2024, 14:05
717
Бөлісу:
Елімізде 10,7 мың шақырым автожол құрылыс-монтаждау жұмыстарымен қамтылды
Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрлігінде өткен кеңейтілген алқа отырысында көлік саласының өткен жылғы көрсеткіштері қорытындыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көлік министрлігінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен кеңейтілген алқа отырысы өтті. Іс-шара барысында көлік саласының өткен жылғы көрсеткіштері қорытындыланды.

Министр Марат Қарабаев ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша көлік саласындағы нақты көлем индексі 106,9% құрады. Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүктердің көлемі 21%-ға ұлғайып, 32,3 млн тоннаға жетті. Барлық бағыт бойынша оң динамика байқалады.

2023 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 10,7 мың шақырым автожол, оның ішінде 6,5 мың шақырым республикалық маңызы бар жол қамтылған. Құрылыс және реконструкциялау жұмыстары 3,6 мың шақырымда жүргізілген, оның ішінде 856 км пайдалануға беріліп, 923 шақырымында қозғалыс қамтамасыз етілген.

Негізгі күш-жігер салынып жатқан Қарағанды-Алматы, Талдықорған-Өскемен, Атырау-Астрахань жобаларын аяқтауға бағытталып отыр. Нәтижесінде бұл учаскелерде қозғалыс ашылды.

Күрделі және орташа жөндеумен 2,9 мың шақырым жол қамтылды, оның ішінде 1,1 мың км (200 км күрделі жөндеу, 900 км орташа жөндеу) автомобиль жолдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталды.

Жергілікті желіде 4,2 мың км жөндеумен қамтылып, оның 3,6 мыңы өз мәресіне жетті. Нәтижесінде республикалық және жергілікті желілердегі нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 87 пайызға дейін жеткізілді.

Теміржол көлігі саласында жүктерді тасымалдау көлемі 3%-ға, яғни 297 млн тоннаға дейін артты. Экспорттық, импорттық және транзиттік бағыттар бойынша өсім байқалады. Республика ішіндегі бағыттар бойынша 164,1 млн тонна (-0,6%), экспорттық бағыттарда – 85,6 млн тонна (+9%), импорттық бағыттарда – 20,2 млн тонна (+10%), транзиттік бағыттарда – 27,4 млн тонна (+18%) тасымалданған.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – жылжымалы құрамды жаңарту. Осылайша, өткен жылы 113 локомотив, 275 жүк вагоны және 118 жолаушылар вагоны сатып алынған. Сондай-ақ 1 443 км магистральдық желіде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өзгелердің жаңалығы