Елімізде 1 ақпаннан бастап автогаз қымбаттайды

Кеше, 17:56
298
Бөлісу:
Елімізде 1 ақпаннан бастап автогаз қымбаттайды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Энергетика министрлігі «Ашық НҚА» порталында сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасын түзету туралы бұйрық жобасының жарияланғанын хабарлады. Жобаға сәйкес, 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап сұйытылған газдың бағасы шамалы көтеріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл түзетулер сұйытылған мұнай газын өндірушілердің шығындарының артуына байланысты қабылданып жатыр. Қазіргі кезде сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына 65-75 мың теңге аралығында болса, өндіруші зауыттар үшін шекті көтерме баға тоннасына 45 158 теңге деңгейінде бекітілген. Бұл жағдай өндірушілерге қажетті қаражатты жинақтауға және жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қиындық тудырып отыр.  

Баға Астана мен Алматыда 84 және 89 теңгеден 102 теңгеге артады. Шымкентте 1 литр автогаз бағасы 70-тен 90 теңгеге өседі. Қалған өңірлерде сұйытылған газ 6-20 теңгеге қымбаттайды.

Сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемі де жыл сайын өсуде. Мысалы 2022 жылы бұл көрсеткіш 1,8 миллион тоннаны құраса, 2024 жылы 2,4 миллион тоннаға жетуі мүмкін.  

Бұйрық жобасына сәйкес, шекті көтерме баға тоннасына 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін артады. Ал шекті бөлшек сауда бағасы өңірлерге байланысты 6-дан 21 теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін.  

Айта кетерлігі, Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы ТМД елдері арасында ең төменгі деңгейде сақталып келеді. Жоспарланған шаралар ішкі нарықтағы газ қажеттілігін қамтамасыз етуге және газ өңдеу саласына инвестиция тартуға жағдай жасайды.  

Бұйрық жобасы қазіргі уақытта қоғамдық талқылау сатысында.

Өзгелердің жаңалығы