Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ол үшін ауқымды бес жылдық жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде тауарлар номенклатурасы қайта қаралған болатын. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
2022 жылғы 1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының (ЕАЭО СЭҚ ТН) халықаралық негізі болып табылатын тауарларды сипаттау мен кодтаудың үйлестірілген жүйесінің жетінші басылымы күшіне енеді.
2022 жылғы үйлестірілген жүйесінің басылымы - бұл Дүниежүзілік кеден ұйымы тұрақты негізде жүргізетін номенклатураны жан-жақты қайта қараудың кезекті бесжылдық циклінің нәтижесі. ДКҰ мәліметінше, жүйенің жаңа басылымында әлемдік сауданың сипаты мен құрылымының өзгеруіне, жаһандық сипаттағы әлеуметтік және экологиялық мәселелерге байланысты 350-ден астам түзету бар.
Еуразиялық экономикалық комиссия 2020 - 2021 жылдар ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы мен Бірыңғай кедендік тарифін халықаралық негізге сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты белсенді жүзеге асырды.
Бұл ретте келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыла бастайтын ЕАЭО бірыңғай тауар номенклатурасының жаңа редакциясындағы кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелері қолданыстағы деңгейде сақталды және Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберіндегі тарифтік міндеттемелерді толық көлемде ескереді, - деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.