Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан жол ғылыми-зертттеу институтының ғалымдар тобы отандық көмірден көміртекті наноұнтақтарды алуға арналған жаңа құрылғыны әзірлеуде. Алынған материалдар жол жабындысының сипаттамаларын едәуір жақсартпақ.
Өнертабыстың көмегімен жол мамандары битумға қосылатын арнайы наноұнтақтарды шығара алады. Ал қоспаларды өндіруге арналған шикізат отандық көмір болмақ. Құрылғыны патенттеу үшін өтінім берілді, элементтер мен тораптардың конструкторлық сызбалары әзірленді және ресімделді.
Институт базасында құрылып жатқан жаңа жабдықтың көмегімен болашақта бірнеше қазақстандық кен орындарының көмір жыныстарынан наноұнтақтарды алу жоспарлануда. Наноұнтақтарды битумда қолдана отырып, жақсартылған өнімділік сипаттамалары бар нанобитумдар мен наноасфальтобетондар аламыз. Бұл ҚазжолҒЗИ ғалымдарының Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ел экономикасына қосқан зор үлесі болмақ, - деп атап өтті институт президенті Бағдат Телтаев.
Құрылған жаңа материалдардың басты артықшылығы – сапасы мен беріктігі. Оның үстіне олар жоғары және төмен температуралық қасиеттерге ие. Басқаша айтқанда, жаңа өнім жол жамылғысында қыста жарықтар мен жазда жолтабандардың санын едәуір азайтады.
Айта кетейік, ҚазжолҒЗИ 2017 жылдан бастап жол саласына бағытталған нанотехнологиялар бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. 2019 жылы институт ғалымдары наноматериалдарды пайдалану арқылы дәстүрлі битумдардың қасиеттерін жақсарту технологиясын әзірледі: нәтижесінде нанобетумдар мен наноасфальтобетондар деп аталатын, беріктігі мен пайдалану сипаттамалары жақсартылған битумдар мен асфальтбетондар алынды. Бұл жұмыс ғылыми жаңалық ретінде тіркелген. Оның авторы ҚазжолҒЗИ президенті, профессор Бағдат Телтаев. Мәскеудегі Халықаралық ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстар авторларының академиясы екі кезеңді жабық сараптамадан кейін қазақстандық ғалымдардың жұмысын битум саласындағы жетістік деп таныды.
Наноматериалдардың деректерін алуға арналған құрылғы жасалғаннан кейін асфальт жабынын жақсарту технологиясын барлық жерде қолдану жоспарлануда.