Қарулы қақтығыс аймақтарынан қайтарылған азаматтардың реинтеграциясы талқыланды

23 Қараша 2021, 19:23
765
Бөлісу:
Қарулы қақтығыс аймақтарынан қайтарылған азаматтардың реинтеграциясы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның тәжірибесі негізінде қарулы қақтығыстар аймақтарынан оралған азаматтарды қылмыстық қудалау, оңалту және олардың реинтеграциясы мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі диалог өтті. 

Іс-шараны БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ), «KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігі, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің кеңсесі және ҚР Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырды.

Пікір алмасу БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің Бас директоры және ЕҚБ атқарушы директоры Гада Валидің аталған санаттағы адамдарды оңалту және реинтеграция жөніндегі ЕҚБ-мен әріптестіктегі бағдарламаларды іске асырудағы қазақстандық тәжірибені зерделеу, сондай-ақ осы салада Қазақстанның алдында тұрған сын-тегеуріндер мен жаңа міндеттерді талқылау мақсатындағы сапарына орайластырылды.

Жоғары деңгейдегі Диалог БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар қарарларын, оның ішінде 1373-шы қарарын (2001 жылы қабылданды, терроризмге байланысты қызметке қаржылық көмекке тыйым салу туралы) және БҰҰ-ның басқа да негізгі құжаттарының орындалу барысы туралы ақпарат алмасуға арналған алаң қызметін де атқарды.

Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің, басқа да мемлекеттік органдардың және елде аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Басқосуды ашқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин шетелдік террорист-содырлардың (ШТС) тарапынан болатын қауіпке қарсы іс-қимыл Қазақстанның 2017–2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі барысында басты назарда болғанын атап өтті.

Аталған кезеңде ШТС мәселелері бойынша 2396-қарар қабылданды және халықаралық серіктестердің қолдауымен Қазақстан ұсынған Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу жөніндегі мінез-құлық кодексі қабылданды, – деді отандық дипломат.

ҚР Президентінің көмекшісі, «Жусан операциясы» аясында Қазақстан азаматтарын Сириядан қайтару тарлы кітаптың авторы Ерлан Қарин өз сөзінде «Жусан» операциясы туралы айтты.

Қазақстан бұл операцияны ең алдымен гуманитарлық себептермен жүзеге асырды. Қайтарылғандардың көпшілігі – балалар. «Жусан» операциясын жоспарлау кезінде олардың қауіпсіздігі мен денсаулығы басты назарда болды. Екіншіден, Қазақстан оңалту бағдарламасын әзірлеп, сынақтан өткізгеннен кейін өз азаматтарын қайтаруға шешім қабылдады. Сондықтан Қазақстан азаматтардың репатриациясы мәселесіне кешенді және жүйелі түрде келді, – деді ол.

Г. Вали азаматтарды әскери қақтығыс аймақтарынан қайтару, оларды кейіннен оңалту және олардың қоғамға қайта интеграциясы бойынша гуманитарлық операцияларды іске асыруға еліміздің елеулі үлесін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан террористік және зорлық-зомбылық экстремистік топтар өзіне тартқан балалар мен әйелдерді қарулы қақтығыстар аймақтарынан қайтаруды, оларды оңалту және олардың қайта интеграциясы бағдарламаларымен одан әрі қолдауды қоса алғанда, зорлық-зомбылық экстремизмі мен терроризмнің алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл жөнінде бірқатар мазмұнды шаралар қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы