Еліміз бокстан неге алғаш рет алтын түгілі, күміссіз қалды? – спорт журналисі

5 Тамыз 2021, 17:56
4973
Бөлісу:
Еліміз бокстан неге алғаш рет алтын түгілі, күміссіз қалды? – спорт журналисі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Спорт журналистикасында жүргенімізге ширек ғасырға жуықтапты. Білетініміз - бір тоғыз, білмейтініміз - тоқсан тоғыз, деп жазды спорт журналисі Есей Жеңісұлы Facebook-тегі парақшасында.

Оның сөзінше, ірі спорттық ойындар кезінде күллі қазақ сарапшы болып кетеді.

«Ойпырмай, неткен-неткен!..» деп бас шайқайсың. Кей адамның пікірі жынын да, күлкісін де келтіретінін сезбейді-ау сол сарапшылар... «Министр орнынан кетсін» дейді. Осы уақытқа дейін спорттың қай министрлікке қарайтынын білмеуі де мүмкін. Мәселеге терең үңілу керек. Қазақстан спортының бұл күйі неден? Сәтсіздік алғышарты неде? Бокс неге алғаш рет алтын түгіл, күміссіз қалды? Балуан елміз дейміз, неге классиктер алғашқы айналымнан аса алмайды? Қарсыластар неге мықты? Олардың жаттығу үлгісінде қандай артықшылық пен ерекшелік бар? Әрине, мұның бәрі қарапайым жанкүйер айналысатын шаруа емес. Бірақ бір пікір айтпас бұрын, даурықпас үшін аз да болса дайындық керек. Даурықпа сөзден білімсіздік қана көзге ұрады, - дейді ол.
Есей Жеңісұлы ел қоржынында алты қола бар екенін, аз болғанымен, біздің спортқа осындай бір шок керек болғанын айтты.
Алты қоламыз бар. Аз, әрине. Бірақ біздің спортқа осындай бір шок керек. Бәріміз ойлану үшін. Мүмкін, осы сәтсіздіктен кейін перзентіңізді спортқа берерсіз. Ол жеңсе де, жеңілсе де - ешнәрсе оңай болмайтынын сезінерсіз. Спортшыларды жерлемес бұрын, министрді отставкаға итермелемес бұрын ойланайық: осы ел үшін өзіміз не істедік? Не бітірдік? Спортшылардан соңғы нәтижені бәріміз талап етеміз, ал бізден біреу талап ете ме? Талап етпейді. Сондықтан да сіз - сарапшысыз, білгірсіз, талапшысыз. Таразы үстінде тұрған жоқсыз. Артықшылығыңыз сол ғана. Бірақ ол артықшылық емес. Кембағалдық деуге болмас, бірақ жақсы нәрсе емес бәрібір..., - деп атап өтті журналист.
Айта кетейік, қазір ел қоржынында жеті қола медаль бар. Оның соңғысын каратэден ерлер арасында 67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Дархан Асаділов еншіледі.

Өзгелердің жаңалығы